Денсаулық сақтау

Тәуелсіздік күні қарсаңында ақ халаттылар арасында байқау өтті

Жасқайрат Бинашев – Тайынша ауданы орталық ауруханасының хирург – дәрігері.

-Біздің бас дәрігеріміз қазан айында ақ халаттылар арасында байқау болады деп хабарлады. Сол уақыттан бастап, мен сайысқа қатысып, бағымды сынап көруге шештім. Додаға дайындалуға уақыт аз болды. Сондықтан, жұмыстан кейін аурухананың қабырғасында қолыма домбыра алып дайындалдым.

Жасқайрат Бинашев, сахна төрінде Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» атты жүрек шерін тарқатқан әнін тарту етті.

Ал мына “Аққайың” ансамбльінде 7 нәзік жанды ән шырқайды екен. Олар көрермендерге “Отан” атты өлеңін тарту етті. Бұл мерекелі шараға, ақ халатты абзал жандар 2 ай бойы дайындалған.

Раиса Зикирина – облыстық тері-венерология диспансерінің медбикесі.

-Бұл байқауға біздің тобымыз алғаш рет қатысып тұр. Сайысқа 2 ай бойы дайындалдық. Тәуелсіздік күні қарсаңында осындай додалар жиірек болсын деп тілейміз.

Төрешілердің айтуынша жеңімпазды таңдау оңай емес. Себебі, “Қазақстан – елім менің” атты байқауына денсаулық сақтау мекемелерінен 40-қа жуық дәрігерлері қатысып, баршасы өнерлерін паш етті. Сахна төрінде, түрлі ұлттың әндері мен билері орындалды.

Мамадияр Байғұлов – төреші, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының бас дәрігері.

-Өңірімізде үлкен мерекелі шара өтіп жатыр. Бұл сайысқа облыстық, қалалық және аудандық денсаулық сақтау мекемелерінің дәрігерлері қатысуда. Байқау “Қазақстан – елім менің” тақырыбында ұйымдастырылды.

Байқау қорытындысы бойынша, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының “Атамекен” өлеңін шырқаған ансамблі бірінші орынды еншіледі. Ал екінші орынға Тайынша ауданы орталық ауруханасының хирург-дәрігері Жасқайрат Бинашев жайғасса, үшінші орынды облыстық тері-венерология диспансерінің намысын қорғаған “Аққайың” ән ансамбльі жеңіп алды.

 

 

 

Сагыныш Маркашева.