Спорт

Петропавлда шаңғы спортынан облыстық жарыс өтті

Владимир Щербаков – Қазбек Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ директоры.

-Бұл жарыстар арнайы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіліп отыр. Бүгін сайыстың екінші күні, кеше 3, 5 және де 10 шақырым қашықтықта жарыс болса, бүгін 3 айналымда 4 шақырым эстафетасы.

Мамлют ауданының спортшысы Рустам Набиуллин шаңғымен 3 жыл бойы айналысып келеді. Жас спортшы бұл жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Бүгін де ол жеңістен дәмелі. Сол себепті де алдын-ала қызу жаттығу үстінде.

Рустам Набиуллин – жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы.

-Кеше 10 шақырым қашықтықта жарысып бірінші келдім. Бүгінде жеңімпаз атануға тырысамын. Қарсыластарым осал емес. Дайындықтары мықты. Бірақ үздік атануға барымды саламын.

Жалпы сайысқа қатысушы ер балаларға 3 айналымда 4 шақырым, ал қыздарға дәл сол қашықтықты 2 айналымда бағындыру қажет. Әзірше, екі күндік жарыста 294 ұпаймен Қазбек Байболов атындағы мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері алда келе жатыр.

Владимир Щербинин – шаңғыдан спорт ардагері.

-Жарысты өткізуге арналған жол жақсы дайындалған. Ауа райы да қолайлы, спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Мәрені алғашқы болып кескен шаңғышыға ереже бойынша жазылған ұпай еншіленеді. Ал сайыстың қорытындысында барлығы қосылып, команданың жарыста жинаған жалпы ұпайы шығады.

Десе де жарыс қорытындысы бойынша Қазбек Байболов атындағы БЖСМ екінші орыннан ғана көріне алды. Алтын алқаларды Мамлют ауданының спортшылары тағынып кетті. Ал үздік үштікті Ақжар ауданы тұйықтады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок және де дипломдармен марапатталды.

 

 

Риат Шони.