Қоғам

Елбасы жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында өңірге республикалық үгіт насихат тобы келді

Елена Галыгина – Аққайың аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі.

-Мемлекеттік органдарда келісім – шарт бойынша қызмет жасайтын азаматтардың санын қысқартуға болады ма? Сәйкесінше штаттың санын ұлғайтса жақсы болар еді. Себебі келісім – шарт бойынша қызмет жасап жүргендердің білімдері жоғары, білікті мамандар. Бірақ айлықтары төмен. Сондықтан бұл азаматтардан айырылып қалып жатырмыз.

Светлана Бычкова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

-Сіз бұл мәселені қағазға түсіріп, менің атыма арыз жазыңыз. Мен оны жоғары жаққа жеткіземін. Парламентте талқылайтын боламыз. Мәселе шешіледі деп сенемін. Себебі проблема бүгінгі күні өзекті.

Ақпараттық топ мүшелері жалпы 4 азаматтың мұң-мұқтажын тыңдады. Бұдан соң делегация мүшелері мәдениет үйінде аудан активімен кездесіп, Елбасының «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты кезекті жолдауының басым – бағыттарын талқылады.

Светлана Бычкова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

-Біздің мақсатымыз халықпен кездесіп, олардың проблемаларына араласу. Өйткені Елбасының жолдауын барлығымыз алдағы уақытта жұмыла жүзеге асыруымыз қажет. Жалпы стратегиялық құжат уақытылы шықты деп айта аламын. Себебі әлемдік тұрақсыздық кезінде экономикалық саясатты жандандыру керек. Сонда ғана біз тығырықтан шыға аламыз. Ол үшін Ұлттық қорды кәдеге жаратамыз. Мұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп айта аламын.

Бұдан соң сөз алған ҚР Инвестициялар және даму вице -министрі Ерлан Сағадиев соңғы 9 жылда елге 200 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылғанын жеткізді. Қазақстан барынша дамыған 30 елдің қатарына енген кезде бұл көрсеткіш әлде қайда арта түспек. Айта кету керек, 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысына Ел қазынанасынан 38 миллиард теңге қаражат бөлінген екен. Мұны кездесу барысында қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев тілге тиек етті.

Руслан Бекетаев – ҚР қаржы вице-министрі.

-2015 жылы Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Буденное селосында жаңа мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ Мамлют қаласында 300 орынға арналған осындай білім ошағы тұрғызылмақ. Сонымен қоса облыс орталығында 320 орынға шақталған балабақшаның құрылысы басталады. Мұның барлығы Елбасының жолдауында белгіленген тапсырмалар.

Бұдан соң Республикалық ақпараттық топ мүшелері аудан орталығында тәулігіне 250 адамға қызмет көрсететін жаңа емхананың тыныс – тіршілігімен танысты. Медициналық кешен соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақтандырылған. Бүгінгі күні мұнда 17 дәрігер халыққа қызмет көрсетеді. Дей тұрғанмен әлі онколог және дерматолог сынды 2 жоғары білімді маман қажет.

 

 

Самат Джакупов.