Билік

Петропавлда Елбасының өмірі туралы “Тығырықтан жол тапқан” атты фильм көрсетілді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

 

 

– Бүгін біз Елбасының өмірі жайлы “Тығырықтан жол тапқан” фильмін тамашалауға жиналып отырмыз. Осы айдың басынан бастап көрермендерге арналған көркем фильмді көпшілік бағалап, Елбасының еңбекке де құштарлығы осы жастарға үлгі болады деп сенемін.

Бұдан кейін сөз кезегі қонақтарға берілді. Олар өздерінің толқып тұрғандарын жасырған жоқ. Қобалжулы сәт. Сын көп бола ма әлде мақтау айтыла ма әлі белгісіз. Дегенмен, фильмнің көпшіліктің көңілінен шығатынына сенімдерін білдірді.

Ермек Аманшаев: Ш. Айманов атындағы “ҚАЗАҚФИЛЬМ” АҚ басшысы

– Біз енді, шынын айту керек, тұңғыш рет бұл өңірге осы киноэпопеямен келіп отырмыз. Біз үшін бұл – үлкен құрмет сіздердің алдарыңызға келу. Біз бүкіл киноматографистердің атынан, осы фильмді түсіруші топтың атынан, бірінші кезекте, облыс әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтанов мырзаға үлкен алғысымды білдіргім келіп тұр. Бізді арнайы облысқа шақырып, осы фильмнің арнайы көрсетілімін ұйымдастырып отырғаныңызға мың да бір рахмет.

Киноэпопеяның кезекті фильмінде басты кейіпкердің өмірінің толысу кезеңі, мағынаға толы түрлі үзік оқиғалар арқылы болашақ Ұлт көшбасшысының мінез-құлқы, ел ағасы ретінде қалыптасуы суреттеледі. Елбасы жастық шағында қандай болды деген сұрақтың жауабын, міне, осы фильмнен іздестіруге болады. Жас Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы тек өзіне ғана тән нағыз көшбасшылық қасиеттер осы кезде-ақ байқалған. Сабырлық, сыйластық, өзін емес өзгенің қамын ойлау, ең бастысы кейіпкердің батылдығы мен табандылығына қайран қаласың. Басты рөлде халыққа белгілі – Нұрлан Әлімжанов. Мұнда ресейлік танымал киножұлдыздар да түскен.
Елбасы өміріне қатысты әр жердегі сәттер бірін-бірі жалғап, кинотуындының көркін аша түседі.

Рүстем Әбдірашев – қоюшы режиссер

 

– Ашуға енді тырыстық. 100 пайыз аштық деп айта алмаймын. Өйткені, Елбасысымыз сегіз қырлы, бір сырлы адам ғой. Әлі де оның сырлары талай. Келесі серияларда оның сол сырларын ашуға тырысамыз деп ойлаймын. Барлық сырларын бір серияда ашып тастау мүмкін емес. Өйткені, ол – үлкен тұлға ғой.

Фильмде туған жерге деген сағыныш пен анаға деген махаббат ерекше орын алған сияқты. Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының жастық шағын Алмагүл Әлішева сомдайды. Жауапты іс. Елбасының анасының рөліне барынша ену үшін ол күн-түн демей ұзақ дайындалдым дейді.

Алмагүл Әлішева – актриса

 

– Осы рөлге бекітілген сәтте қуанышымда шек болған жоқ. Бірақ, сонымен қатар мойныма үлкен жауапкершілік артылғанын түсіндім. Өйткені, бұл тікелей Елбасымыздың, халқымыздың сынынан өтетін фильм болды. Сондықтан, көп еңбектенуге, ізденуге тура келді.

10 айдың ішінде 500 адамның қатысуымен түсірілген фильм көрермендердің жүрегінде ерекше сезім қалдырды. Бүкіл шығармашылық ұжымның еңбегі зая кеткен жоқ. Бұл – тарих. Ендеше, үлкенге де кішіге де қызықты әрі үлгілі. Ұрпаққа – өнеге. 1,5 сағаттық фильм көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Өйткені, мазмұнды, мәнісі терең. Кино солтүстікқазақстндық көрерменнің көңілінен шықты. Оған дәлел – ду қол шапалақ.

– Бұл фильм өте анық. Дұрыс, ашық көрсетілген. Сол кездегі қаншама кедергілерді жеңе білген. Неге десеңіз, ол кезде партияның қарауынсыз ешқандай іс ілгері баспайтын.


– Бұл фильм әрбір адамның патриоттық сезімін оятады. Оятып қана қоймай, оның Қазақстанда тұрып жатқанын мақтаныш қылатын сияқты.


–  Патриоттық рухта түсірілген фильм тамаша әсер қалдырды. Оқушылар үшін, тіпті, мәнісі зор. Туыныдының ұнағаны соншалық, әріптестеріме, таныстарыма да қарауға кеңес беремін.

Данаш Хамзина.