Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданының тұрғындары мемлекеттен несие алып ата кәсіпті дамытуда

Нұртазиндер жанұясы жылқының еті мен сүтін жергілікті тұрғындарға сатады. Кәсіпкерлер келешекте Қамбар ата төлінің басын көбейтіп, өзгелерге үлгі болсақ дейді. Бірақ, ол үшін өнімге тұрақты тапсырыс беріп тұратын мекемелер қажет.

Айтжан Нұртазина, Прибрежное селосының тұрғыны

– Қазір тапсырыс аз болғандықтан 2 бас биені сауумен шектеліп отырмыз. Олар күніне 20 литр сүт береді. Негізі тапсырыс одан да көп болса, 10 бие сауар едік. Жылқыларға қарайтын 2 адамды жұмысқа алдық.

Қыс мезгіліне малға жем-азық дайындау ісі машаққатты. Сондықтан, Нұртазиндер жанұясы 2013 жылы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы арқылы  3 млн теңгенің несиесін алып, трактор мен “КЗН” маркалы шалғы сатып алыпты. Несиенің бүгінде жартысын өтеген екен. Биыл олар техниканың арқасында 30 тонна шөп даярлаған. Ол жылқылардың қыстан аман шығуына жетеді дейді шаруа қожалығының басшысы Азамат Нұртазин.

Азамат Нұртазин, “Нұртазин” ЖК директоры, Прибрежное селосы

– Бүгінде малдың жемін есептемегенде шөп, сабанның өзі қымбат тұрады. Сондықтан, біз өткен жылдан бастап трактор сатып алып шөпті өзіміз даярлайтын болдық. Бұл өз кезегінде артық шығындарымызды қысқартады. Техникаң болса, малды ұстау онша қиын емес.


Негізі Қызылжар ауданының тұрғындары “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жиі пайдаланады екен. Мысалы, жыл басынан бері аталған ауданның 44 тұрғыны кәсібін дамыту үшін 122 млн теңгенің несиесін алған.

Берик Касен.