МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Жастар бірлігі – ел бірлігі» атты фестиваль өтті

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары.

– Алдымызда тәуелсіздік күні келе жатыр. Сіздердің барлықтарыңызға бақытты өмір, тілеймін. Залда отырған жастар аға буын қариялардың өнегесімен Елбасының қойған мақсаттарына жетеді деп кәміл сенемін. Біздің облысымыздың жастары әр уақытта бірлікпен ұлтаралық келісімге ден қойып, соны насихаттайтын болса, барлық жұмысымыз алға басады деп ойлаймын.

«Жастар бірлігі – ел бірлігі» атты облыстық фестиваль өңірде осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат, кейінгі толқын арасында патриотизмді насихаттап, этномәдени орталықтардың қарым – қатынасын нығайту болып табылады. Биылғы фестиваль тәуелсіздіктің 23 жылдығына арналды.

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

– Осыдан бірнеше ай бұрын облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тікелей тапсырмасымен жастар арасында бірнеше байқау жарияланған болатын. Бүгін міне соған қорытынды жасаймыз. Жалпы сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің санында шек болмады. Шара облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мұрындық бьолуымен өтуде.

«Қазақстан – бейбітшілікпен келісімнің бесігі» атты фотобайқауда Гран – Приді «Бірлік» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Тайынша ауданынан келген Станислав Кузьмин қанжығасына байлады. Жеңімпазға облыс әкімінің құрмет грамотасы табыс етілді.

Станислав Кузьмин – «Бірлік» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

– Байқау жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Кез – келген құбылыстарды суретке түсіру менің хоббиім десем болады. Бұл іспен 6 жыл бойы айналысып келемін. Сайысқа мен 10 – нан астам жұмысымды жіберген болатынмын. Яғни фотосуретке Солтүстік Қазақстан облысын мекен ететін түрлі ұлт өкілдерін түсірдім.

Этносаралық қарым – қатынасты ғылыми тұрғыда зерттеуде Мәдина Қабжановаға тең келер үміткер болмады. Азаматша бүгінгі күні түрік халқының тілі мен мәдениетін жіті меңгерген.

Мәдина Қабжанова – «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігі жастар клубының мүшесі.
– Осы мадақтаманы алғаныма ризамын. Негізі менің ұлтым – қазақ. Дей тұра мен түрік тілін оқып жатырмын. Себебі осы халықтың тілін, мәдениетін үйрену маған қызықты.

Жалпы 8 аталым бойынша өткен байқауға барлығы 100 -ден астам азамат қатысқан екен. Мыңнан тұлпар атанғандары арнайы марапатқа ие болды. Фестивль соңы түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Джакупов Самат.