Қоғам

Қоғамдық көлікте жүру бағасы қымбаттайды

Галина Семенова – “СҚО автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы

– Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап қоғамдық көліктерге бағаны көтеру жөнінде мәселе қозғалған болатын. Өйткені, қазір жанар-жағармай құны, қосалқы бөлшектер бағасы артқан. Мұнымен қоса жүргізушілердің жалақысы мардымсыз. Олардың да отбасылары бар. Сондықтан, бағаны өсіруге қажеттілік туындап отыр.

Айта кету керек, қалада қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы соңғы рет осыдан үш жыл бұрын көтеріліпті. Тұрғындар бұл жаңалықты естігенде қуана қоймады. Олар автобустар кір, суық дейді. Баға өскен соң көрсетілетін қызмет сапасы да жақсарса дейді.

– Әрине, баға қымбаттағаны зейнеткерлер үшін жақсы жаңалық емес. Зейнетақы аз, ал қызмет бағасы, азық-түлік барлығы шарықтап барады.

– Баға өседі, бірақ содан қызмет көрсету сапасының артқандығы байқалмайды. Автобус іші суық, тар. Кей кездері аялдамалар хабарланбайды.

– Күніне бірнеше рет жүреміз. Оның үстіне қоғамдық көлікпен қатынайтын отбасы мүшелерім тағы бар. Сондықтан, жалақымыздың жартысы соған кетеді. Енді тіптен қымбаттаса, не болмақ.

Жалпы қала көшелерінде автобустар 26 бағыт бойынша қатынайды. Бүгіндері петропавлдықтарға 9 кәсіпорын қызмет көрсетуде.

Сөйтіп, баға қымбаттайды. Алайда, көпшіліктің көкейінде қызмет көрсету сапасы қашан көтеріледі деген сауал туындары анық. Ең бастысы, жаңа баға жыртыққа жамау болса жарар еді.

Магжан Ахмадина.