Билік

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына биыл – 20 жыл

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Тәуелсіз еліміздің жалпы мемлекеттік билік жүйесінде мәслихаттардың орны ерекше. Халық қалаулылары алғашқы сессиядан бастап облыстың әлеуметтік – экономикалық мәселелерін шешуге белсене араласты. 20 жыл ішінде сіздер талай жұмыстар атқардыңыздар. Қазіргі әлемдік дағдарысқа қарамастан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған жолдауында тығырықтан шығу жолдарын белгіледі. Осы бағытта халықпен жергілікті биліктің арасында тығыз байланыс орнатуда сіздердің атқарып отырған еңбектеріңіз ерекше.

Салтанатты жиын барсында бірқатар халық қалаулыларының еңбектері еленді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының құрмет грамотосымен алғыс хатын табыстады. Мұндай марапатқа үш азамат ие болды. Солардың бірі – Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты Сермұхамет Оралұлы.

Сермұхамет Оралұлы – Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты.

–  Мен ауданда 4-ші және 5-ші шақырымнан сайландым. Депутаттардың жұмысы оңай емес. Ел-жұртпен қатынасып, халықпен кездесіп қойған сұрақтарын шешіп жатырмыз. Өзіміз шеш алмаған жағдай да облысқа, тіпті парламентке шығып шешіп жатырмыз. Біздің істеген жұмысымызға осындай баға беріп жатқан Елбасына, облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін.

Ал «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісі 2 депутатқа табысталса, тағы біреуі Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» медаліне ие болды. Мұнымен қоса бірнеше халық қалаулысы «Қазақстан республикасының мәслихаттарына – 20 жыл» атты мерейтойлық медалімен марапатталды. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Біләлов те қатысты.

Серік Біләлов – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

– Еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттардың жұмысы жоғары бағаланып жатыр. Бұл дұрыс деп есептеймін. Себебі ішкі тұрақтылықты сақтап, елдің әлеуметтік дамуына халық қалаулылары өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Бұл өкілетті орган қаншама уақыт өтсе де әлі де елдің жандану жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жиын барысында Серік Біләлов 3 азаматқа Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының құрмет грамотасын табыстады. Мұнымен қоса 4 депутат Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің осындай марапатына ие болды. Айта кету керек бүгінгі күні бесінші шақырылымда 217 депутат бар. Оның 31 облыстық мәслихаттың депутаты. Уақыт өткен сайын, бұл көште нәзік жандардың саны артып келеді.

Күләш Егімбаева – Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты.

– Мәслихатта қазір әйелдер көбейіп келе жатыр. Бұл Елбасының нәзік жандарға деген сенімінің арқасы.Елбасының осы жолдауында үлкен міндет қойды. Абай атамыз айтқандай «ақыл – қайрат бәрін жеңбек» деп әрқашанда бірлік болса, барлық жоспарымыз іске асады деп ойлаймын.

Ал Төлеген Сатыбаев 1994 жылы бірінші шақырылымнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты болған. 72 – жасқа келген зейнеткер өкілетті орган құрылған бетте халықпен билік арасында қоян қолтық қызмет атқарған. Азамат бастапқыда жұмыс қиын болғанын айтуда.

Төлеген Сатыбаев

– Ол кезде жағдай ауыр болды. Қиыншылық көп болды. Қаржы жетпейді, сол қаржыны бөлу мәселесі қиынға соқты. Біз сол кезде оқу бөлімімен медицинаға назар аудардық. Содан соң су мәселесін шештік.

20 жыл бойы елдің үмітін арқалаған депутаттар ел экономикасының дамып, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шешімдерді қабылдап келеді. Алда әлі де атқарар шаруалар көп. Кеш соңы қаламыздың көркемөнерпаздары әзірлеген арнайы концерттік бағдарламаға ұласты.

Джакупов Самат.