Ауыл шаруашылығы

Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығы мен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтілді

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов алдымен театрдың екінші қабатында ұйымдастырылған арнайы көрмені тамашалады. Мұнда облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған екен. Мәселен Ғабит Мүсірепов ауданынан келген «Подлесный» жеке кәсіпкерлігі ешкі сүтінен дайындалған ірімшікті сөреге шығарды. Айта кету керек мұндай өнімді облыста басқа еш кәсіпорын жасамайды.

Александр Подлесный – «Подлесный» ЖК директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы.

– Үстіміздегі жылдың қаңтар айында науқастанып, маған ешкі сүтін ішу керек болды. Содан бастап осы төрт түліктерді сатып ала бастадым. Сүті денсаулыққа өте пайдалы. Қазір ірімшіктің 3 түрін жасаймын. 23 бас ешкім бар. Тауарды әзірше Қостанай мен Астана қалаларына жөнелтемін. Ірімшікті әзірлейтін арнайы қондырғыға тапсырыс беріп қойдым. Жақын күндері келуі қажет. Болашақта кәсібімді ұлғайту жоспарымда бар.

Бұдан соң жиналған қауым тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орайластырып әзірленген арнайы фильмді тамашалады. Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұртшылықты қос бірдей мерекемен құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Ауылшауашылығы саласы өңірде жақсы қарқынмен дамып келеді. Кадр мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Мәселен, бұл саладағы жастардың үлесі бүгінгі күні 23 пайызға жетті. Биыл «Зенченко и К» КС, «Егінші», «Тұқым», «Ермек Агро Север» ЖШС-тері өнім көрсеткіші бойынша ең жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Мал маруашылығы да соңғы кезде жақсы қарқын ала бастады. Ал тың және тыңайған жерлерді игеруге биыл 60- жыл. Жалпы 1954-60 жылдар аралығында біздің өңірде тыңды көтеру үшін облысқа 18 мыңнан астам адам келді. Сол жылдары 19 жаңа совхоз құрылып, нәтижесінде олар 26 млн рубль пайда әкелді. 60-шы жылдардың соңында дәнді дақылдардың жалпы құрамы үш есеге артып, 1,9 млн тоннаға жетті.

60 жыл аз уақыт емес. Тыңды көтеру миллиондаған адамның өмірлерінде мәңгі есте қалар кезең. Бұл көлемі мен мәні жағынан үлкен ерлік. Айта кету керек 1954 жылмен 1960 жылдар аралығында облыста 1,3 миллион гектар алқап жер игерілген екен. Салтанатты шара барысында тыңды игеруге ат салысқан 30-дан астам солтүстікқазақстандық облыс әкімінің атынан түрлі марапатқа ие болды. Кейін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, «Еңбек ардагері » медалімен 4 азамат марапатталды. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісі 5 адамға табысталды.

Құдайберген Қалиев – Еңбек ардагері

– Еңбек ардагерлерін жинап марапат көрсетіп жатқан облыс әкіміне үлкен алғыс. Біз тыңайған жерлерді игеруге ат салыспасақ та, сол маңызды шараның басы- қасында жүрдік.

Сырымбет Есенғалиев Айыртау ауданындағы «Баянтай» ЖШС басқарады.
Бүгінгі күні ол 100- ден астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Егін егеді, мал шаруашылығымен айналысады. Еңбегі еленіп,жерлесіміз «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды.

Сырымбет Есенғалиев – «Баянтай» ЖШС директоры, Айыртау ауданы.

– Жаман шыққан жоқ егініміз. Үкімет жағынан да көмек көрсетіліп, баға көтеріліп, соның арқасында былтырғы жағдаймен теңестік. Келер жылы мұндай жағдай болмайды деп ойлаймын. Шағын несие алып, шағын элеватор салдық.

Облыс әкімінің құрмет грамотасымен марататалғандардың саны 12. Солардың бірі «Мәмбетов және К» Командиттік серіктестігінің механизаторы – Ақбай Шорманбаев.

Ақбай Шорманбаев – «Мәмбетов және К» КС механизаторы, Мамлют ауданы.

– Облыс әкіміне үлкен рахмет айтамын. 1985 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып еңбек етіп келемін. Жылдағыдай егін мол болып, соны жинай берейік.

Салтанатты шара соңында барлық аудандардағы ветеринария станцияларына жануар жемтігін, биологиялық материалдарды өртеуге арналған жылжымалы құрылғысы бар Газ автокөліктерінің кілтері табысталды. Бұл заманауи техниканы сатып алуға облыстық бюджеттен 517 миллион теңге қаражат бөлініпті.

Қамидолла Жазитов – Ғабит Мүсірепов ауданы ветеринарлық станциясының директоры.

– Осындай мал өліктерін жоюға арналған құралдар беріп отыр бізге. Бұл әрине Газ машинасына орнатылған. Қайбір жерде ауру шығып қалатын болса, сол машгинамен біз шығып, өліктерді жоюға көп көмегін тигізеді. Сондықтан бұл аурудың таралуына жол бермейді.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Джакупов Самат.