Мәдениет

Қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрына 55 жыл

Кезекпен өтіп жатқан көріністерді көрермендер әсерлене көріп жатыр. Бұл ретте сахнаға беріліп жатқан жарық пен дыбыстың айрықша рөл атқаратынын ұмытпаған жөн. Оған операторлар жауап береді. Дегенмен мамандардың басы-қасында халық драма театрының режиссері Надежда Окуневаның өзі жүр.

Надежда Окунева, қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрының режиссері

– Театрға келіп, түрлі жанрдағы образдарды сомдап жүргендердің ең жасы 10-да болса, ересегі 80 жасқа таяп қалды. Бұл жандардың кейбірі театрда 20, 30 тіпті 30 жылдан артық ойнап жүр. Олардың ішінде темір жолшы, дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, инженер, риэлторлар және студенттер бар. Кейбірі жоғары білімді, жетекші лауазымдарда қызмет етеді.

Надежда Окунева бағзы заманнан қалыптасқан театр өнерінің ізін жалғастырушы. Қалалық мәденит үйінде 41 жыл, ал театрға 36 жылы арнаған. Содан болар оны бәрі мұнда “Мама” деп атайды екен.
Биыл қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрына 55 жыл толды. Соған орай өнерпаздар бас-аяғы 1,5 сағаттың ішінде көрермендерге Пушкин, Островский, Филатов, Лесково сынды орыс ақын-жазушыларының шығармалары желісінде құрылған қойлымдарынан қысқаша үзінділер келтірді.

Рашид Исмаилов, қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрының әуесқой актеры

– Халық драма театрына келгеніме биыл 15 жыл толды. Бұған дейін мен училищеде шебер болып қызмет еткенмін. Осы театрға мені Надежда Александровна шақырды. Алғашында бір спектаклде ойнадым, кейін күрделі рөлдерге көштім. Міне, бүгін “Грушенька” атты сығандар көрінісіне қатысамын.

Осы тұрғыда өнерге берілген жандардың сахнада образды сомдау шеберлігі кәсіби актерлерден кем түспейді дейді залға жиналғандар.

6 шақты жұп қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрында танысып, отау құрған. Солардың бірі Игорь мен Светлана Матвиенколар жанұясы. Олар өмірде де өнерде де жұбтары жазылмай, ісіне адал болып жүр.

Светлана Матвиенко, қалалық мәдениет үйі жанындағы халық драма театрының актрисасы

– Актриса болу арманын мен бүгінге дейін ештеңеге айрбастамай келемін.
Арнайы білімім болмаса да, сүйікті ісіме шын ғашықпын. Театр – менің өмірім.
Мен өнер ордасына 14 жасымда келдім. Қазір 50 жастамын. Біз бүгін жұбайым Игорь Матвиенкомен бірнеше рөлдерді сомдаймыз. Біздің өнерімізді көрермендер залынан тамашалауға ұлым мен қызым келіп отыр.

Барлығы 40 шақты адам орыс халқының қаймағы бұзылмаған өнерін дәріптеп жүр бүгінде. Кейбір көріністерінен сонау 19-шы ,20-шы ғасырдың ізін көресің. Кей тұсында астарлы образбен бүгінгі адамдар басындағы проблемаларды жеткізеді.

Берик Касен.