Спорт

Петропавлда бокстан республикалық турнир өз жалауын көтерді

Азамат Жақиянов – жарыстың төрешісі

– Камиль Сафинді еске алуға арналған жарыс 5 күнге созылатын болады. Онда еліміздің 12 облысынан 90-ға жуық спортшы бірінші орындар үшін таласады. Турнир жеңімпаздары спорт шеберіне үміткер атағын алады.

Республикалық турнирдің шымылдығын 52 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлері ашты. Шаршы алаңға алғашқы болып Астана қаласының өкілі Данияр Рамазан мен маңғыстаулық Әлібек Бақытбаев шықты. Қос спортшыда кездесулерін белсенді бастады. Көк жейде киген бокстан спорт шеберіне үмікер Әлібек Бақытбаев ширақ қимылдап, қарсыласына тура соққылар бағыттап ұпайларды еншілеуде. Алайда елордалық былғары қолғап шебері Данияр да дес берер емес, аяғымен жылдам қимылдап, жарыстасының денесіне соққылар сериясын бағыттауда. Тартысты жекпе-жек қыза түскенмен аяғына да жетті. Бұл кездесуде төрешілер 3 раунд бойы қарсыласын соққының астына қалдырған маңғыстаулық спортшыны жеңімпаз деп таныды.

Әлібек Бақытбаев – жарысқа қатысушы, Маңғыстау облысы

– Қарсыласым осал болған жоқ. Екінші раундта шаршап, біраз ұпайдан айырылып қалдым. Алайда үшіншіде бапкердің айтқан кеңестерін пайдаланып жеңіске жеттім.

Жалпы дүбірлі дода желтоқсанның 12-іне дейін жалғаспақ. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және де грамоталармен марапатталады.

 

Риат Шони.