Спорт

Петропавлда баскетбол ардагерлерінің жарысы өтті

Владимир Белоног – “Бәйтерек” ардагерлер баскетбол клубының президенті, Петропавл қаласы

– Бұл турнир осымен 25-ші рет қатарынан өтуде. Оған Петропавл мен Омбы, Түмен, Перьм қалаларының ардагер баскетболшылары қатысуға ниет білдірген. Жалпы жарыста 7 құрама сайысатын болады. Аталмыш турнирді ұйымдастыруға қалалық спорт бөлімі өз көмегін көрсетті. Келер жылдың 23-ші ақпанында Омбы қаласына Отан қорғаушылардың күніне орай, сонымен қатар 9 мамыр Түмен қаласында Жеңіс күніне орай жарыстарға барамыз.

Алғашқылардың бірі болып алаңға қызыл жейде киген Петропавл құрамасы мен көк жейделі Түмен командасы шықты. Алғашқы минуттардан бастап қонақтар басымдық танытып, алға суырылып шықты. Алма кезек шабуылдармен алмасқан қос құрама бір-біріне дес берер емес. Петропавлдықтардың шабуылдары өткір болғанымен сәттілік жетіспеуде. Ал, түмендіктер керісінше қарсыластарын қарымта шабуылдарда ұстап, үш ұпайлық та, екі ұпайлық та голдарды еркін салды. Әрбірі он минуттан болған төрт кезеңнің қорытындысы бойынша 55-33 есебімен Түмен қаласының командасы жеңіске жетті.

Олег Мелехов – Түмен қаласы құрамасының ойыншысы, РФ

– Біз баскетболмен қоштассақ та әрдайым өз арамызда ойнап, денені шынықтырамыз. Бұрынғы әріптестерімізбен халықаралық, ардагерлер арасында өтетін олимпиадаларда да кездесіп тұрамыз. Бұл жолы да Петропавлға достарымызбен ойнау үшін ат басын тіреп отырмыз. Барлық ойындар қызық өтуде.

Ерлерден бөлек бұл жарыста нәзік жандылар да өз бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, кубок және де медальдармен марапатталады.

 

Риат Шони.