Балалар

Мектеп оқушыларының ата-аналарына арналған республикалық конференция өтті

Виктория Усольцева – ата-ана

– Менің ұлым қазір он үш жаста. Бұл – өтпелі кезеңнің бастау алғаны. Ер бала болғандықтан оның тәрбиесі – басты назарда. Бұл жас аралықта балаға сенім білдіріп, оның ойын, пікірін тыңдап, қолдау таныту қажет. Қазір біз бұл кезеңнен еш қиындықсыз өту үшін ұлымызды спортқа тарттық. Ал бүгін конференцияға жиналған ата-аналарға мамандар тәрбие жүргізудің тиімділігін түсіндіргені өз пайдасын тигізуі тиіс.

Жасөспірімдік шақ – адамның дамуындағы күрделі әрі маңызды кезең. Көптеген ата-аналар бала өміріндегі осы кезеңмен: агрессия, дөрекілік, оқуға деген қызығушылықтың болмауы, сабақ барысын түсінбеу секілді проблемалармен бетпе-бет кездескенде шарасыздықтан қиналады. Осыны тілге тиек еткен №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің педагог-психологі Ольга Елманова ата-аналарға тәрбие берудің 12 ережесін айтты.

Ольга Елманова – №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің педагог-психологі

– Өтпелі кезеңде ең әуелі баланың мінез-құлқының өзгеруіне басты назар аудару қажет. Мұнда эмоциялық өзгерістер болуы мүмкін, мысалы күндіз бала өзін байсалды ұстаса, кешке қарай ашушаң болып келеді. Бұл жағдайда ата-аналар баласына көп көңіл бөлу керек, әңгімелесіп, сабағындағы жағдайларын сұрап, көмектесу қажет. Өйткені, баланың тәрбиесі бұзылып, бұзақылардың тобына қосылып кетуі мүмкін.

Сонымен қатар, кездесу барысында жиналғандарға әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.

Жалпы бұл күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен педагог-психологтардың ата-аналармен кездесуі қаламыздың он мектебінде өтті.

Риат Шони.