Балалар

Петропавл қаласында Жайдарман ойыны өз мәресіне жетті

– Мен астанылықтарға қолдау көрсетіп отырмын. Олар бүгін жеңіске жетеді.

– Еліміздің бас қаласынан келген “Елорда” құрамасының жанкүйерімін. Достарымның жеңісіне сенімдімін.

Жалпы финалға жеткен құрамалар үш сайыста сынға түседі.

Ерлік Мұхамеджанов – СҚО жайдарман лигасының директоры

– Біздің лигамыз ашық облыстық лига статусында. Яғни, бізде жеңімпаз атанған команда келер жылы Астана қаласының “Маусымашар-2015” фестиваліне қатысуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі кештің шымылдығын алғашқы болып Солтүстік Қазақстан Кәсіптік-педагогикалық колледжінің «Мағжан жастары» құрамасы ашты. Өнерлі жігіттер теріскей халқына езу тарттырар әзілдер ұсынып, жақсы көңіл-күй сыйлады. Ал келесі болып сахна төріне шыққан «ПҚЭК» командасы да осал ойын көрсеткен жоқ. Сәлемдесу сайысын кілең бестік ұпайлармен аяқтады.

Нұрдәулет Оралтау – «ПҚЭК» командасының ойыншысы

– Басқа командалардан ерекшелігіміз біз іс-қиымлға баса назар аударамыз. Ал өзге құрамалар әзілдерін сөз бен жеткізсе, біз билеп, әртістік өнермен көрсетеміз.

Сайыстың қорытындысы бойынша астаналық «Елорда» құрамасы қола жүлдеге ие болды. Ал Қостанай облысының «Бес саусақ» командасы екінші орынды еншілесе, үш сайыста жеңімпаз болған «ПҚЭК» құрамасы биылғы маусымның чемпионы атанды.

Риат Шони.