МТРА жаңалықтары

6- шы желтоқсан – «ҚР Прокуратура күні»

Айдарбек Сапаров – Облыс әкімінің бірінші орынбасары.

– Сіздердің қызметтеріңіз оңай емес. Азаматтардың құқығын қорғауда аянбай еңбек етіп келе жатырсыздар. Оның үстіне прокуратура мамандарының арқасында қылмыспен де сыбайлас жемқорлықпен күресте де нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Салтанатты шара барысында еңбегімен көзге түскен 2 азамат облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталса, тағы үш маман алғыс хатына ие болды. Сондай жандардың бірі – облыстық прокуратураның бас есепшісі Шайзада Баймашова.

Шайзада Баймашова – Облыстық прокуратураның бас есепшісі.

– Менің прокуратура да еңбек етіп келе жатқаныма 25 жыл уақыт болды. Кәсіби мереке қарсаңында еңбегім бағаланды. Облыс әкімінің алғыс хатына ие болдым. Қуаныштымын. Барша әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын.

Басқосуда прокуратура саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, жиында Қазақстан Республикасының бас прокурорының да марапаты табыс етілді. 1-ші дәрежелі «прокуратура қызметінің үздігі» төсбелгісін Айыртау ауданының прокуроры Арман Ризанов иеленді.

Арман Ризанов – Айыртау ауданың прокуроры

– Өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Осы салада 14 жыл қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығындағы еңбегім еленді.

Жалпы үстіміздегі жылы прокуратура қызметкерлері 600-ден астам тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 13 мыңға жуық азаматтың құқығы қорғалып, 1 миллиард теңгеге жуық қаржы мемлекетке қайтарылған. Ал 2 мыңнан аса азамат жауапқа тартылған екен. Шара соңында прокуратура қызметкерлерінің жұмысын жұртшылыққа насихаттағаны үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де назардан тыс қалмады. Оларға мерекеге орай марапат жасалды.

Джакупов Самат.