МТРА жаңалықтары

Контрафактілік заттар елдің экономикасына көп шығын келтіруде

Жана Сүйімбаева, ҚР ӘМ зияткерлік меншік құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы.

-Бүгінде барлық салада зияткерлік меншік құқығы бұзылып жатыр. Сондықтан біз бұл семинарда денсаулық, құқық қорғау, білім саласы мен бизнес өкілдерінің басын қостық. Осылайша, өзара іс-қимылдарымызды ретке келтіріп, туындаған проблемалармен күресу жолдарын анықтаймыз. Ортақ шешім шығарып, кейін оны заң актілеріне енгіземіз.

Аймақтық семинарда алдымен патентті алу шарттары түсіндірілді.

Нұржан Исабеков, ҚР ӘМ “Ұлттық зияткерлік меншік институты” РМҚК басқармасының бастығы.

-Баспа өнімдері, дәрілік заттар, тауар дизайны, тіпті біреудің рефератын ұрлағандар авторлық құқықты бұзған болып есептеледі. Оған жол бермеу үшін өнертапқыш өзінің өнертабысын 20 жылға дейін патенттеп ала алды.

Келесі жылдан бастап авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғандар үшін заң қатаяды. Олар 5 тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жаңашылдық 2015 жылы күшіне енетін жаңа қылмыстық-процессуалдық заңнамада көрініс тапқан.

Эльман Танрывердиев, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім жетекшісінің м.а.

-Биыл өңірімізде 11 тұлға зияткерлік меншік құқығын бұзып, барлығы да әкімшілік жауапқа тартылды. Олар DVD дискісін, тауар таңбалары сынды контрафактілік өнімдерді айналымға заңсыз шығарған. Сондай-ақ үстіміздегі жылы теріскейдің 1 тұрғыны өзге фирманың тауар белгілерін заңсыз пайдаланған. Қазір оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, құжат сот қарауына жіберілді.

Алдағы 4-5 жылда Қазақ елін үлкен сынақтар күтіп тұр. 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Белорусь және Ресеймен кедендік кедергісіз сауда-саттық жасаймыз. Одан кейін Бүкіләлемдік сауда ұйымы тағы бар. Осы тұрғыда мамандар зияткерлік меншік құқығының берік қорғалуын басты назарға алып, сырттан келетін контрафактілік өнімдер мен сапасыз тауарларға тосқауыл қоюға қауқарлы болу керек.

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаменті директорының орынбасары.

-Қазір ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің лабороториясына контрафактілік өнімдерді жоғары дәлдікпен анықтайтын көп функционалдық қондырғылар сатып алуда. Биыл сырттан келетін сапасыз өнімдердің ағынына тойтарыс беру үшін Дүниежүзілік даму банкінен 2 млрд. 220 млн. теңгеге жуық қаражат алдық. Ал, келер жылы зертханаларға қондырғылар сатып алу үшін тағы 5 млрд. тенге бөлінеді.

 

 

 

Берик Касен.