Билік

Петропавлда спортшылар ұлықталды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спорт және жоғарғы жетістіктер спорты кешенді, жүйелі айналысуды талап ететіндігін атап өткен болатын. Өйткені, дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Осы мақсатқа жету үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Залда отырған қауым – түрлі жоғары деңгейде өткен жарыстарда алтын, күміс және қола алқа тағынған спортшылар мен оларды баптаған жаттықтырушылары. Спорттың түр-түрінің үздіктері – көркем гимнастшы, спорттық би орындаушылар, акробат, кикбоскшы, боксшы, күрескерлер мен гір көтерушілер де осында. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов олардың барлығын жеткен жетіктіктері және еңбегі үшін марапаттап, ақшалай сыйақы табыс етті.

Марапатқа ие болған спорт өкілдері өз кезегінде облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, өңірде спортқа деген зор қолдаудың барына тоқталды.
Самбошы қыз Назгүл Маратова осы спорт түрімен 5 жыл айналысады. Жуырда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен дүбірлі додаға бірінші рет қатысып 75 және одан жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды.

Назгүл Маратова – самбодан әлем чемпионы.

-Ақтық сында мен украин қызымен шықтым. Оның салмағы менен үлкен болды. Бірақ, намысымды бермей, өзім жеңуге деген ынтамен таза жеңіске жеттім.

Ал, Виталий Диденко гір көтеруден 39 рет Қазақстанның және 8 рет әлем чемпионы атанған.

Виталий Диденко – гір спортынан 8 дүркін әлем чемпионы.

-Жарыс қараша айында Германияның Гамбург қаласында өтті. Өткен жылғы Андрей Кравцов деген ресейлік спортшыдан ұтылып қалған едім. Бұл жолы оны басып оздым. Гірді 146 рет жұлқи көтеріп және 200 рет серпе көтеріп жеңіске жеттім.

Жиын барысында облыс әкімі өңірде бұқаралық спорттың дамуы да жақсы жолға қойылғанына тоқталды. Мәселен, жуырда бастау алған “Мен чемпионмын” тележобасы арқылы 5 жарым мыңнан астам бала қамтылған. Аймақ басшысы, сондай-ақ, алдағы уақытта 300-ден артық хоккей алаңының салынып және жөнделетінін атап өтті.

 

 

 

Данаш Хамзина.