Қоғам

Мәслихат депутаттары спорттық жарыстан сынға түсті

Александр Верзилин – облыстық мәслихаттың ұйымдастыру-талдау бөлімінің жетекшісі.

-Жуырда Қазақстан мәслихатының құрылғанына 20 жыл толады. Осыған байланысты депутаттар арасында облыстық спартакиады өтпек. Оған 35-ке жуық халық қалаулысы қатысады. Олар бильярд, шахмат, үстел теннисі және де боулингтен сынға түседі.

Міне, халық қалаулылары өздерінің алғашқы шарларын лақтыруда. Әзірше бұл жаттығу. Ереже бойынша барлық кеглиді құлатуға екі мүмкіндік беріледі. Алайда шарды бір лақтырып страйк жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ, мықты ойыншылар да бар.

Есіл аудандық мәслихатының депутаты Еділ Тұтқышев боулингті алғаш рет ойнап тұр. Халық қалаулысының айтуы бойынша ең бастысы жеңіс емес, жарысқа қатысу.

Көп ұзамай ойын да басталып кетті. Халық қалаулылары бір-біріне дес берер емес. Жарты сағат өтісімен-ақ, жарыстың көшбасшысы да анықталды. Қалалық мәслихаттың депутаты Владимир Витченко бірнеше рет страйк жасап, алға суырылып шықты.

Владимир Витченко – қалалық мәслихаттың депутаты.

-Осымен депутаттар арасында спартакиада екінші рет өтуде. Өткен жылы шахматтан сынға түстім. Ал бұл жолы өзімді боулингте сынап көруді жөн санадым. Әзірше, көрсеткішім жаман емес, жеңімпаз атанамын деген ниеттемін.

Сайыс қорытындысы бойынша қола жүлдеге М. Жұмабаев аудандық мәслихат депутаттары ие болса. Күміс медальді қызылжарлықтар еншіледі. Ал қалалық мәслихаттың депутаттары алтыннан алқа тағынды. Айта кету керек, бұл күні халық қалаулылары үстел теннисінен, бильярд және де шахматтан сынға түсті. Барлық жүлдегерлермен жеңімпаздар арнайы грамоталармен 9 желтоқсан күні марапатталады.

 

 

Риат Шони.