Бизнес және экономика

“Қызылжар инвест 2014” халықаралық инвестициялық форумы аясында көрме өтті

Жандос Мадиғажыұлы, “Мадиғажы” ЖК директоры, Ақжар ауданы

– Көрмеге қол-өнер бұйымдарын әкелдім. Тапсырыстар алып отырамын.

Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде өз өнімін “Диорит LTD” компаниясы да ұсынды. Серіктестік қиыршық тасты өндірумен айналысады. Тауарларын тек ел көлемінде ғана саудалап қоймай, Ресейдің Омбы облысына да экспорттайды екен. Ағымдағы жылдың өзінде көрші мемлекетке 240 млн теңгенің өнімі сатылыпты.

Берік Махметов, “Копания диорит LTD” ЖШС директоры

– Қиыршық тастың 10-нан астам фракциясын жасаймыз. Біздің тұтынушыларымыз Астана мен Ресей.

Алғаш рет өтіп жатқан форум аясындағы көрмеге солтүстікқазақстандықтардың жоғарғы деңгейде дайындалғандығы байқалады. Барлығы келген қонақтарға өз өнімдерінің түрлері мен мүмкіндіктерін баяндауда.

Көрменің жұмысымен Ауғаныстаннан келген кәсіпкер Сангар Ромаль да танысты. Кәсіпкер өңір аграрийлерімен тығыз қарым-қатынас орнатыпты. Оған 8 жыл болған. Шетелдік кәсіпкер өңірден алтын дәнді сатып алады екен.

Сангар Ромаль, “Pesaran Dost Oil LTD” компаниясының өкілі, Ауғаныстан

– СҚО әкіміне осы шараға шақыртқанына алғысымды білдіремін. Қазақстанның нарығында жұмыс істеп жатқанымызға 12 жылдан асты. Біздің компания агроөнеркәсіппен байланысты барлық тауарды эскпорттайды. Алдағы уақытта осындай форумдар жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Бүгін Петропавлдың көптеген кәсіпкерлерінің мүмкіндігімен таныстым. Алдағы уақытта әріптестік қарым-қатынас орнатсақ деген ниет бар.

Бұл күні халқаралық форумның нәтижесі белгілі болды. Шара барысында шетелдік инвесторлармен 70-тен астам келісім-шарты жасалды.

Еркебұлан Кәменов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі

– Барлық 9 панельдік сессияда 50 млрд теңгеден астам меморандум жасалды. Келісім-шарттар машина жасау, агроөнеркәсіп, туризм, шағын-және орта бизнес тағы да басқалар бағытында.

Форум аясында өткен көрмеге өңіріміздің 50-ден астам кәсіпорыны қатысты. Осы күні сондай-ақ, облысымыздың “Үздік кәсіпкері” байқауы қорытындыланды. Оған қатысуға 50 кәсіпкер өтініш білдіріпті. Үздіктері бүгін марапатқа ие болды.
Айта кету керек Түмендік делегация өкілдері жергілікті іскер азаматтарды келер жылы өздерінде болатын бизнес форумға шақырды.

Ахметова Бану.