Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Kyzylzhar invest 2014” халықаралық инвестициялық форумы

Пленарлық отырыс басталмас бұрын дүние жүзінің түкпір-түкпірінен ресми түрде шақыртылған қонақтар тіркеуден өткен соң, теріскей өңірі туралы қажетті әрі қызықты деген толық мағлұматпен дәлізге айнала ілінген мультимедиялық құрылғылар арқылы танысуға мүмкіндік алды. Келген қонақтар – отандық және шетелдік компаниялар, қаржы институттары, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік орган өкілдері. Делегаттар осы жерде бір-бірімен танысып, ақпарат алмасты.
Бұл форумға бүгін зор үміт артылып отыр. Өйткені, инвесторлар тартымды деген салаларға қаржы құюды талқылайды. Ең негізгілері – ауыл шаруашылығы, машина жасау, жер қорын пайдалану, құрылыс индустриясы, көліктік инфрақұрылым, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шағын және орта бизнес және жаңғыртылған энергия көздері.

Виктор Михеев – “Виссманн” ААҚ Қазақстандағы өкілдігі техникалық қызметінің инженері, Астана қаласы

–  Мұндай форумды өткізудің, әрине, маңызы зор. Біз зор сенім артып келіп отырмыз. Біздің компаниямыз – әлем бойынша жылыту техникасын шығарумен айналысатын көшбасшылардың бірі. Сонымен, қатар жаңғыртылған энергия көздерімен жұмыс істейді. Біз, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшілермен әкімшілік кедергілерді жою, Қазақстан нарығына “жасыл технологияны” енгізу бойынша бір мәмілеге келеміз деген үміттемін.

Тургун Уламу – “Лимитед SunOasis” TBEA Синьцзяндық АҚ Орта Азия бойынша жобасының жоғары директоры, Қытай

– Бізді жел электр станциясы қызықтырады. Ал, мында жел жақсы деп айтар едім. Сапасы жөнінен бағаласақ, 2-ші класқа жатады. Бізге қажеттісі – сол. Осы жердің климатына байланысты барлық қажетті көрсеткіштерді салыстырып, қолайлы болса, жел элекстр станциясын салғымыз келеді.

Мұндай бизнес-кездесудің нәтижесінде бізге де, оларға да пайдалы жобалар жүзеге асады.

Виктор Хьюго – “Iluka Resources Ltd” компаниясының меңгеруші директоры, Австралия

– Біздің геологиялық барлау компаниямыз – әлем бойынша цирконий өндіру бойынша бірінші орында және титанды өндіру жөнінен жетекші орындардың бірі. Қазіргі уақытта Австралия мен АҚШ-та өндірісіміз бар. Сондай-ақ, Бразилия, Шри-Ланка сияқты көптеген елдерде барлау жұмыстары жүрігізілуде. Енді, осындай жұмыстарды Қазақстанда ұйымдастыру жоспарлануда.

Бақытжан Мықтыбеков – “Сабан қағазы” ЖШС бас директоры, Ресей

– Біз Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығынан целюллоза жасап шығарамыз. Компаниямыз СҚО-на 270 млн теңгеге жуық қаржы құюды және жылына қуаттылығы 7 мың тоннаны құрайтын өндіріс орнын құруды жоспарлауда. Нәтижесінде, біз Қазақстанның қағаз өнеркәсібінің негізін қалыптастырғымыз келеді. Яғни, шикізатпен қамтамасыз ететін боламыз.

Ақмұрат Алтынбек – “Семізбай-U” ЖШС бас директорының даму жөніндегі кеңесшісі, Астана қаласы

– Біздің компания уранды өңдеу, өндіру және сатумен айналысады. Біздің Семізбай кеніші СҚО-ның Уәлиханов ауданында орналасқан. Біздің компания KazAtomProm-ның құрамдас бөлігі болып табылады. Бүгінгі форумға мен өз басшылығымның уранды жерасты ұңғымамен шаймалау әдісін түсіндіру мақсатымен келіп отырмын.

Бұл форумның тағы бір қуантарлығы, мұнда тек ірі бизнес өкілдері ғана емес, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған шағын кәсіпкерліктер де дамуына мүмкіндік алды. Мәулет Айтмағамбетов осында инвестор іздеп алыстағы ауылдан арнайы келген. Оның шаруашылығына тиесілі 2 мың гектар жері, 50 шақты малы бар екен. Жоспар ауқымды, жұмыс жететін, тек инвестиция қажет дейді.

Мәулет Айтмағанбетов – “Сарыадыр” ШҚ басшысы, Уәлиханов ауданы

– Өзіміздің мал шаруашылығымыз бар жеңіл-желпі деген. Дегенмен, үлкен мүмкіншілігіміз бар мал өсіруге, жылқы, қой өсіру, өсімдік шаруашылығы сияқты. Енді, жоспарымыз үлкен. Дегенмен, инвестиция керек еді.

Форумның пленарлық отырысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов ашты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев біздің алдымызға нақты және айқын мақсаттар қойып отыр. Қазақстанды еркін инвестиция ағылатын аймаққа айналдырып, озық технологиялар мен алдыңғы қатарлы дамыған салалардың орталығы ету көзделуде. Бұл үшін барлық аймақта инвестицияның ағылуына қолайлы жағдай туғызылуы шарт. Форумды өткізудегі мақсат – бизнес өкілдерін облысымыздың іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, өңіріміздегі экономиканың басым бағыттарына отандық және шетелдік инвесторларды тарту.

Жиында сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының “Үдемелі-индустриалды инновациялық даму” мемлекетік бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясындағы жеткен жетістіктері баяндалып, екінші бесжылдықта атқарылатын ауқымды жоспарлар жария етілді. Қызылжар өңірі – жерасты және жерүсті қазынаға бай өлке. Соны ел игілігі барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып тиімді өндіріп, дамыту үшін қыруар қаржы қажет. Форум барысында бірнеше салаға қатысты меморандумдар жасалды.

Азамат Беккужинов – “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС директорының орынбасары

– Бүгін – біз үшін қуанышты күн. Форум аясында “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі кешені құрылысының бас мердігерімен келісім-шартқа отырдық. Бұл құжатқа облыс әкімдігі мен ЭКСПО әкімшілігі арасындағы келісім аясында қол жеткіздік. Енді, біз оларға көрме кешендерінің құрылысына арналған металл құрылымдарын жеткіземіз.

Тоқтаналы Құлмаханбетов – “Компания АДС” ЖШС вице-президенті, Алматы қаласы

– Осы жердегі Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыттың экономикалық және өндірістік мүмкіншіліктерін көріп, ол жердегі қызмет атқарып отырған азаматтардың кәсіптік деңгейін бағалай отырып, бұл кісілермен келісім-шартқа қол қойдық. Біздің бұл тірлігіміз Қазақстан мемлекетінің жергілікті үлесін арттыру мәселесіне қосқан өзіміздің үлесіміз деп есептейміз.

Бұдан кейін форум секциялық отырыстар бойынша жалғасты.

Данаш Хамзина.