Қоғам

Сөйлеу мәнерін дамыту орталығына 1 жыл

Елена Петрова – Сөйлеуді дамыту орталығының директоры.

-Орталығымыздың ашылғанына бір жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында 150 балаға кеңес берілді. Ал 115 бүлдіршін логопед мамандардың көмегімен сөйлеу дағдысын қалыптастырды. Оған қоса орталықта массаж, жекелей және интерактивті оқыту әдістері қолданылды. Сондай-ақ сөйлеуінде ақауы бар балалармен де жаттығулар өткіздік. Орталығымызда сөйлеу мәнерінде ауытқуы бар бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын білікті логопед, дефектологтар жеткілікті.

Орталыққа бауыр еті баласын әкеліп, оның тіліндегі кемістігін түзеп жүргендер қатарында – Жапаровтар жанұясы бар. 4 жасар Әлихан, епилепсия ауруына шалдыққан. 4-ші сабаққа келген ата-ана, бүлдіршіннің ақырындап сөйлей бастағанына куә болып, қуануда.

Дина Жапарова.

-Әрбір науқас баланың тілін табу оңай емес. Осы Еленаның арқасында орталыққа келіп, қазір оң жолға бет бұрды. Бала кішкене тынышталып, өзі орталыққа келгісі келеді. Сосын Елена Владимировнаның баларға деген көзқарасы, олармен араласуы, балаларды оқыту тәсілі маған ұнайды.

Сондай-ақ бұл орталыққа Бахытжан Қайыржанова да жүгінген. Оның баласы аутизм ауруына шалдығыпты. Нәзік жандының баласын апармаған жері қалмапты. Бірақ та, дәрігерлер баласының өмір бойы сөйлемейді деп ана көңіліне қаяу түсірсе керек. Соңғы үміті – сөйлеу мәнерін дамыту орталығы. Қазірде Әлішердің жағдайы жаман емес. Бала, ақырындап сөзге келе бастапты.

Бахытжан Қайыржанова.

-Бұл кісі өзінің жасына қарамай, мен мұндай науқас баламен жұмыс жасаған емеспін, бірақ көрейін деп өзі бастады. Бас кезінде өте қиын болды. Баламыз сабақ оқымақ түгілі, отырмады. Қазір бір жылдан кейін Елена Петровамен менің балам жақсы сабақ оқиды.

Қаламыздағы жалғыз сөйлеу мәнерін дамыту орталығының қызметкерлері әрбір баланың ерекшелігін ескере отырып жеке бағдарлама құрады. Оған қоса бұл орталыққа тұтығып сөйлейтін, кохлеарлық имплонтация жасалған жеткіншектермен де жұмыс жүргізіледі.

Анастасия Голубь – Сөйлеуді дамыту орталығының логопеді.

-Мұнда келетін балалардың тіліндегі ауытқушылықтар әр түрлі. Сол себепті біз әр баламен жекелей жұмыс жүргізіп, арнайы бағдарлама бойынша жаттығулар жасаймыз. Көбіне ойын арқылы балалардың көңілін табамыз. Әрине, сөйлеу мәнерін бірден қалыптастыру мүмкін емес. Бұл дерттен толық сауықтыру үшін айлар емес, жылдар қажет.

Мереке күні сөйлеу мәнерін дамыту орталығына келген балалар да Елена Петроваға алғыстарын білдіруде.

 

 

Бакыт Садуакасов.