Құқық қорғау органдары

Екі күн ішінде көлікті мас күйінде басқарған 66 жүргізуші құрықталды

Талгат Мұртазин- Петропавл қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының полицейі.

-Кешкі сағат 7-лер шамасында Омбы айналма жолы маңында күдік туғызған ауди автокөлігін байқадық. Оған бірнеше рет тоқтау туралы ескерту жасалса да, көлік иесі бұйрықты елемеді. Ақыры, көктайғақтың салдарынан темір тұлпар жолдың жиегіне түсіп кетті. Тұлпарды тізгіндеген Қызылжар ауданының 25 жасар тұрғыны болып шықты. Ол бірден облыстық наркологиялық орталыққа жеткізді. Тексеру барысында оның ішімдік ішкендігі расталды.

Тергеу барысында азаматтың осыған дейін де көлікті мас күйінде басқарғандығы үшін үш мәрте қамауға алынғандығы анықталды. Бұл жолы 25 жасар азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 467-бабына сәйкес хаттама толтырылып, материалдар сотқа жіберілді. Енді ол 20 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін.

Жалпы рейд барысында 980-ге жуық түрлі заңбұзушылық тіркелді. Олардың басым бөлігі жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпауына байланысты болып отыр. Бұл ретте 219 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ көлікті басқарып, ұялы телефонмен сөйлескен 181 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.Тағы 26-ы жылдамдықты асырған. Екі күн ішінде көлікті мас күйінде тізгіндеген 66 азамат құрықталды. Ал жаяу жүргіншілер тарапынан 146 заңбұзушылық орын алды. Жалпы осындай жедел алдын алу шаралары жыл соңына дейін жалғасатын болады.

 

 

 

Самат Джакупов.