Денсаулық сақтау

Үстіміздегі жылы өңірдегі “Республикалық протез-ортопедиялық орталығы” 5000 тұрғынға көмек көрсеткен

Николай Петров – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының директоры.

-Жергілікті протез-ортопедия орталығы еліміздің Астана, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары мен өңір тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын негізінен тендерге түсіп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы біздің орталық 5000-нан астам адамға өмірге қайта оралуға септесті. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыс бойынша. Біз мемлекеттік тапсырыспен қатар емделушілерге ақылы түрде де қызмет көрсетеміз.

Протез-ортопедия орталығының ғимараты бірнеше бөлімнен тұрады. Мәселен, мекемеге келген емделушілерге арналған 75 орындық жатын бөлмелер бар. Бүгіндері орталықтағы науқастар күн сайын емдеуге дейінгі және кейінгі шаралардан өтеді. Оған қоса емделушілер жаттығу залында міндетті физиоемдеу шараларын қабылдайды.

Серік Ахметжанов – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының емдеу-дене шынықтыру бөлмесінің дәрігері.

-Протез кигенде, аяқ-киім кигендей болады. Қырылады, соларды кетіруге емделушілерге үйретемін. Массаж жасауға, содан кейін оларға ақырындап жүріп-тұруға көмектесемін. 10 минут тұрады, кейін бірінші-екінші қадам жасауға бейімдеймін. Сосын өздері ақырындап қозғалуға машықтанады.

Қазірде стационарда 9 адам ем-дом шараларын қабылдауда. Орталыққа жасанды аяқ жасатуға келген емделушілердің бірі елордалық Анжела Чиликина. Ол аяқ протезін жаңасына ауыстыруға келіпті. Өмірде қателік жасап, аяғынан айырылғанына қатты өкінеді. “Басқа түссе, баспақшыл” демекші, басыңа іс түссе, амалсыз көнесің, – деп отыр. Бірақ, осы күніне шүкіршілік етеді.

Анжела Чиликина – емделуші, Астана қаласы.

-Жасанды аяқ жасатқалы бері, қазір жағдайым жаман емес. Осының арқасында еркін қозғалып, аяққа тұрдым. Орталықта жүргеніме 3 аптадай уақыт болды. Ем-дом шараларынан өткесін, үйіме ораламын.

Орталықта протез және аяқ-киім цехтары жұмыс істейді. Қазір протез жасау бөлімінде білікті мамандар еңбек етуде. Солардың бірі 33 жылдық еңбек өтілі бар Федор Энгель. Тәжірибелі қызметкер қазір жасанды аяқ протездерін дайындау үстінде.

Федор Энгель – “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының механик-протезшісі.

-Жасанды аяқ дәстүрлі және дәстүрлі емес технология бойынша әзірленеді. Әр адамның аяғын жекелей даярлаймыз. Әзірленген жасанды ортопедиялық бұйымға – мүгедектер тез үйреніп кетеді.

Облысымыздағы протез-ортопедиялық орталығы ел тұрғындарына сапалы өнім дайындауды басты жолға қойған мекеменің бірі.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.