Денсаулық сақтау

Көк тайғақтан жарақат алған тұрғындар саны артуда

Валерий Грибашев – 3-ші қалалық аурухананың дәрігер-травматологы.

-Өткен тәулікте біздің жарақат зардабын емдеу бөліміне көк тайғақта құлап жығылып, зардап шеккен 72 адам келіп түсті. Тұрғындар негізінен жамбас жарақатын алып, буын аралығын созып алу, табан және шынтақ сүйектерін сындырып жатады. Зардап шеккен азаматтардың дені 50-ді алқымдаған тұрғындар мен зейнеткерлер. Олардың аяққа тұрып кетуі алған жарақаттарының күрделігіне байланысты. Мәселен, жамбасын жарақаттап алған азаматтың толық жазылуына 3-4 ай уақыт кетеді.

Көктайғақтың құрбаны болмау үшін травматолог-дәрігерлер теріскейліктерге қала көшелері мен аулаларда аса сақ болуды ескертеді. Ал абайсызда құлап жатсаңыз, бірден жақын маңдағы емдеу орнына не болмаса жарақат зардабын емдеу бөлімшесіне жүгінген абзал.

Валерий Грибашев – 3-ші қалалық аурухананың дәрігер-травматологы.

-Ең біріншіден, жерлестеріміз қала көшелерін кесіп өткенде асықпағандары жөн. Және де автобус аялдамаларында да аса сақ болу керек. Дене жарақаттары көбіне асыққанның салдарынан орын алып жатады.

Жарақаттардың алдын-алуға көктайғаққа қарсы шаралар да септеспек. Бүгінде облыс орталығындағы көшелерге тұз қосылған құмды себуге жауапты кәсіпорындардың бірі – “Коммунхоз Петропавл” жауапкершлігі шектеулі серіктестігі.

Мейрам Хамзин – “Коммунхоз Петропавл” ЖШС көлік жүргізушісі.

-Біз қала көшелеріне құм себу жұмыстарына Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінен тапсырма берілісімен кірісеміз. Бізге бекітілген жолдар мен тротуарларға құмды уақтылы себеміз. Оған қажетті техникаларымыз да жеткілікті.

Дегенмен, тұрғындар қала көшелері мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, аялдама маңайлары жөнді өңделмейтінін айтуда.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.