Өнеркәсіп

Тамақ өнеркәсібін дамыту

Бибігүл Касмокасова, “МОЛПРОДУКТ” ЖШС лаборанты.

-Кәсіпорын жұмысына жаңа инновациялық технологиялар енгізілген. Біз сүттің сапасын, құндылықтарын зерттеп халыққа сапалы өнім шығаруды басты мақсат етіп қойдық.

Серіктестік тәулігіне 150 тонна сүт өңдейді. Бүгінде зауыт ақтың 25 аталымын шығарады. Сөйтіп жыл басынан бері 60 мың тонна сүт өнімдері саудаланыпты. Жергілікті жерде дайындалған өнімнің 25 пайызы Ресейдің 6 қаласына жөнелтілген. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, мұның бәрі мемлекет қолдауы арқасында мүмкін болып отыр.

Роза Сүлейменова, “МОЛПРОДУКТ” ЖШС директоры.

-Зауыт 2012 жылы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен мемлекет қазынасын 3,5 млрд теңге алып, кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Биыл ел қазынасынан 53 млн теңге алдық. Несиенің 50 пайызын “Даму” қоры өтейді. Ол қаражатқа біз тоңазытқыш агрегаты бар 10 көлік сатып алдық.

“МОЛПРОДУКТ” ЖШС директоры Елбасымыз шағын және орта бизнес нысандарын дамыту жайын ылғи басты назарға алады. Соның арқасында елімізде жаңа жұмыс орындары ашылып, жылдан жылға халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарып келеді дейді.

Роза Сүлейменова, “МОЛПРОДУКТ” ЖШС директоры.

-Осы уақытқа дейін мемлекеттің қамқорлығын сезініп келе жатырмыз. Елбасымыз кезекті Жолдауында ірі, орта кәсіпкерлікті нығайтуға ұлттық қордан тағы 100 миллиард теңге бөлеміз деп жатыр. Ол жаңадан ашылып жатқан кәсіпкерлік нысанына, біз сияқты орта өнеркәсіптің одан әрі дамуына орасан қолдау.

Мекеме басшылығы алдағы уақытта зауытта жаңа желілер ашпақшы. Ол үшін бүгіннен-ақ, Швеция королдігіндегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан.

 

 

 

Берик Касен.