Әр түрлі

Судья ла­уазымының бос орындарына жарияланған республикалық конкурсқа теріскейліктер де қатысуда

Жұмаш Қосанов – Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы біліктілік комиссиясының мүшесі.

-Бүгін мен сіздермен, яғни отставкадағы судьялар, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаттарымен, және “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының өкілдерімен, сонымен қатар жергілікті құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге әр кандидатты тыңдайтын боламын. Олар осыған дейін тиісті емтихан тапсырған. Сол себепті де үміткерлердің емтиханның сапасын арттыру жөнінде ұсыныстары мен ойларын да білгім келіп отыр.

Жалпы судья атанудан 25 үміткер ниетті. Оның 17-сі қазіргі резервтегі судьялар. Олар басшылық қызметіне үміттенуде. Жақында бұлардың біреуі сот төрағасы немесе сот алқасының мүшесі атануы мүмкін. Ал қалған 8 кандидат судья атануға ниетті. Солардың бірі Тайынша ауданы ІІБ кезекші бөлімінің аға инспекторы Серік Темірбеков. Оның атқарған жұмыстарына оң баға берілді.

Нұрлыбек Әбілтаев – СҚО ІІД бастығының кадр жөніндегі орынбасары.

-Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 1999 жылы бастаған. Қызмет уақытында оң жағынан танылды. Серік Темірбеков учаскелік полицейден бастап, жедел уәкіл, аға жедел уәкіл болып жұмыс істеген. 8-9 жыл көлемінде кенттік полиция бөлімінің бастығы болған.

Кандидаттардың басым көпшілігі жаңа қызметтерін тек СҚО-да атқарғылары келеді. Алайда судья лауазымына бос орындар өңірде аз, сол себепті де кандидаттар өтініш толтырғанда басқа аймақтарды да көрсеткендері жөн.

Мұратқали Әкетай – СҚО сотының төрағасы.

-Тек бір облыспен шектеліп қалмау керек. Солтүстіктен басқа Шығыс, Қарағанды, Қостанай, Ақмола тағы да басқа облыстарды жазыңыздар. Тағы да бір жәйт, өтініш жазғанда қалаға жақын орналасқан аудандар көрсетіледі. Көбіне ол жерлерде вакансиялар болмайды. Сол себепті де өзге де аудандарды да жазған дұрыс.

Өткізілген мұндай шара судьялардың кәсіби біліктілігін арттырып, халықтың сотқа деген сенімін нығайтуға септігін тигізбек.

 

 

 

Риат Шони.