Билік

Облыстық және республикалық маңыздағы күре жолдарды қардан тазалайтын мекемелер қауырт мауысымға 90 пайыз дайын

Өңірдегі күре жолдардың басым бөлігін қардан “Петропавл жолдары” ЖШС-гі тазалайды. Кәсіпорында 186 жұмысшысы мен 100 бірлік техника бар. Биыл аталмыш мекеме Еуразия және Центр кредит банктерінен несие алып, техникалық паркін біршама жаңартып алған. Соның бір парасы осы көрмеде.

Марат Ташенов, “Петропавл жолдары” ЖШС директоры.

-Биыл біз тіркемесі бар 6 камаз, 2 сырғыш, 2 МТЗ тракторы мен шнекаратор қондырғысын сатып алдық. Бұл техникалар жұмысты тез әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Біз 6000 шақырым жолды тазартамыз, Қар қалың түсіп, жұмыс көбейіп кеткенде агроқұрылымдар мен жергілікті билік көмек береді. Тәулік бойы жұмыс істейміз.

Өңірімізде автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 7530 шақырымға созылып жатыр. Қыс мезгілінде оның 1021 шақырымын қалың қар басып қалады екен.

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы.

-Облыс бойынша 103 техника дайындалған. Бүгінгі күні бәрі қар тасалауға сақадай-сай. Қауырт маусымға қажетті қаражан облыстық және аудандық қазынадан бөлінген.

Теріскейдің қысы сұрапыл әрі жауын-шашын мол түседі. Онда кейде адам мен техника күші жетіспей жатады. Сондықтан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне қауырт мауысымға шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарды тартуды тапсырды.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі.

-Облыс бойынша қар тазалауға бөлінген 103 техника тым аз. Жауын-шашын мөлшері көп болған жағдайда сіздер облыстық маңыздағы күре жолдарды 2 күн ішінде толығымен тазалап үлгермейсіздер. Сондықтан жұмысшыларды оқытып, қосымша шаруа қожалықтарынан техника тартыңдар. Қыста адамдар аялдайтын 18 жылыту бекетінің дұрыстығын тексеріңдер. Боранды күндері жолда адамдар қалып қоймасын.

Теріскейде қар молынан түскен жағдайда өңір жетекшісі облыстық және аудандық маңыздағы күре жолдарды 2 күн жабуға ғана рұқсат берді. Осы мерзім аралығында аталған кәсіпорындар жолдарды қардан аршып, көліктердің еркін қозғалуына мүмкіндік жасауы тиіс.

 

 

 

Берик Касен.