МТРА жаңалықтары

«Қой жүнін қайта өңдеу» ЖШС -не 80 жыл

Петропавлдағы пима шығаратын аталмыш фабрика 1934 жылдан жұмыс істеп келеді. Содан бастап бір мезгіл тоқтаған емес. Қазір мұнда 45 азамат еңбек етуеде. Шығарылатын негізгі өнім пима болғандықтан, мұнда оның 2 түрі басылады. Олар- резеңкемен табандалған және табандалмаған түсі сұр пималар.

Самал Укиенованың зауытта еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуық уақыт болған. Қазір ол өз ісінің шебері. Азамат кәсіпорында пиманың формасын келтірумен айналысады.

Самал Укиенова – «Қой жүнін қайта өңдеу» ЖШС қызметкері.

-Фабрикаға 1982 жылы келгем. Содан бастап істеп жатырмыз. Серіктесім пиманы тығыздаған соң маған береді. Ал мен нақты формасын келтеремін. Мысалы мынадан 31-32-ші көлемді пима шығады.

Ал Ләззәт Грищунина фабрикаға 18 жасында келген екен. Қазір ол цехта пиманың қалың болғанын қадағалайды. Жұмысы өзіне ұнағандықтан, білікті маман осы жерде қалып еңбектенуді жөн санапты.

Ляззәт Грищунина – «Қой жүнін қайта өңдеу» ЖШС қызметкері.

-Осы фабрикада жұмыс істегеніме 37 жыл. Осы пиманың басы қалың болсын деп, жылы болсын деп, әдемі болсын деп тырысамыз. Енді қыс аязды болады дейді. Ұжымымыз жақсы. Айлықты уақытылы алып тұрамыз.

Қазір кәсіпорын айына 5-6 мың жұп пима дайындайды. Тауарға сұраныста бар. Дайын болған өнім Астана, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе сынды бірнеше облыстарға жөнелтіледі.Фабрикада сондай-ақ жылу сақтау үшін таптырмайтын тауар саналатын киіз де жасалады.

 

 

Самат Джакупов.