Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданында Поляк мәдениет үйі ашылды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Барша солтүстіказақстандықтардың атынан Поляк мәдениет үйіне осындай теледидар табыстаймын. Ошақтарыңыз жылдан-жылға көркейе берсін.

Қазір мәдениет үйінде 50-ден астам оқушы тәлім алады. Ол үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, Польша Республикасынан арнайы оқытушы да келіпті. Бұдан соң өңір жетекшісі Ясная Поляна селосының негізін қалағандарға арналып тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қоныс аударғандардың мұражай-үйінде болды. Мұнда Поляк халқының тарихынан сыр шертетін түрлі жәдігерлер қойылған. Құнды заттарды жинауға село тұрғындары көмек көрсетіпті. Тек мына шағын ғана ән жинағының өзіне бір ғасырдан астам уақыт болған. Айта кету керек, селодағы тұрғындардың 80 пайыздан астамын поляк ұлты құрап отыр.

Тофилия Куликовская – Ясная Поляна селосының тұрғыны, Тайынша ауданы

– Менің әке-шешем 1936 жылы Тайынша ауданына қоныс аударған. Олардың айтулары бойынша ол кезде нақ осы Ясная Поляна селосы болмаған екен. Тек су алатын бір ғана құдық болыпты. Содан еңбек етіп, шарушылықтарын құра бастаған.

Қазақстан халқының саны бүгінде 17 миллионнан асады. Егеменді елімізде берекесі мен бірлігі, ынтымақтастығы мен ырысы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Салтанатты жиын барысында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов осыны тілге тиек етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

–  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы назарбаев елімдегі ұлтаралық және конфесияаралық келісімге ерекше көңіл бөліп келеді. Түрлі тариха жағдайларға байланысты қазақ жерінде көп шоғырланған ұлттардың бірі – Поляктар. Поляк ұлты өкілдері ұзақ жылдардан бері жіргілікті халықпен бірге тату- тәтті өмір сүріп, өңіріміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі поляк үйінің ашылуы достығымызбен бірлігімізді нығайта түседі деп ойлаймын.

Қазақ жерін мекен етуші әрбір ұлт өкілі Қазақстанмен мақтана алады. Өйткені, елімізде олардың өздерінің ана тілін оқып, мәдениетін үйреніп, дамытуға барынша жағдай жасалған.

Анатолий Рафальский – «Тайынша Астық» ЖШС директоры,Тайынша ауданы

– Бүгін – село тұрғындары үшін ерекше күн. Себебі, Поляк мәдениет үйі қайта жанданды. Айта кету керек, поляк халқын ертеде Солтүстік Қазақстан жері жылы қарсы алып, бауырына басты. Қазір тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді үйренуге барлық жағдай жасалып отыр. Оның барлығы Елбасымыздың көреген саясатының арқасы деп білемін.

Жиын барысында сөз алған Польша Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский бүгінгі күні қазақ-поляк қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Яцек Ключковский – Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

– Кез келген ұлттың әдет-ғұрпы, салт дәстүрі ұмыт қалмау керек. Қазақ елін мекен еткен қандастарымызға бұл бағытта тиісті жағдай жасалынып отыр. Мұның барлығы – көреген басшының жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі. Жалпы уақыт өткен сайын екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түсуде.

Селода мәдениет ошағының ашылғанына аға буын өкілдері мен жастарда қуанышты.

–  Поляк мәдениет үйіне оқуға барып жүргеніме 4 жыл уақыт болды. Осыған дейін әр түрлі оқытушылар сабақ берген еді. Енді, міне жаңа нысанда Польша елінен арнайы келген ерікті оқытады. Маған оның сабақтарына қатысқан ұнайды..

– Жаңа ошақтың ашылғанына қуаныштымыз. Енді жастарымыз өз мәдениетін үйренеді.

Жиын соңында көрермен поляк халқының тарихы туралы арнайы дайындалған фильмді тамашалады.

Джакупов Самат.