Спорт

“Қызыл-Жар СК” футбол клубы футболдан бірінші лигадағы маусымын сәтсіз аяқтады

Теріскей жеріне ерте келген қысқа қарамастан дәл қазір “Қарасай” стадионында футболдан бірінші лиганың соңғы 30-шы туры өтпек. Бұл кездесуде жергілікті “Қызыл-Жар СК” мен алматылық “ЦСКА” командасы бақ сынасады.

Төрешінің ысқырығы естілісімен алматылық футболшылар шабуылды үдетіп, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бірнеше өткір шабуылдар Владимир Никлевич қорғаған қақпаға жиіледі.

Дегенмен, Анатолий Малков бастаған қорғаушы жігіттер нәтижелі шабуылдарға жеткізген жоқ. Жергілікті команда футболшылары қарымта шабуылдармен жауап қайтарып отырды. Бірақ, алматылық қорғаушылар осалдық таныта қоймады. Осылайша, қос команда бір-бірінің қақпаларына гол сала алмай әлек болды. Осы қарқында ойынның алғашқы таймы өз аяғына жетті.

–  Бүгін біздің жерлестеріміз жеңу керек. Суыққа қарамастан қолдап келген жанкүйерлер үшін ұту қажет.

– Бұл кездесуде “Қызыл-Жар СК” қалай да болса жеңулері тиіс. Ойынның соңында болсын, бірақ гол салулары керек.

Екінші тайм басталысымен алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бапкердің берген кеңестері бойынша тактикалық шабуылдар жасалып, соққылар да бағытталды. Алайда, қарсылас команданың мүшесі Денис Кригер қорғаған қақпадан саңылау табылған жоқ. Алматылық аяқдоп шеберлері қарымта шабуылдарымен нәтижеге қол жеткізуге тырысса да біраз қиындыққа тап болды. Десе де, ойынның соңына қарай қонақтар бар күшін шабуылға салып Никлевичтің қақпасына гол дарытты. Ойынға соңғы нүкте қойған голдың авторы – Самит Чулагов ((00203.avi.)) Осылайша, кездесу уақыты да өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, жергілікті команда тағы да өз алаңында жеңіліс тапты. Қорытынды есеп 0-1 – “ЦСКА” командасының пайдасына.

Алексей Игнатченко – «ЦСКА» ФК бас бапкері

– Бұл кездесу қиынға түсті. Ойынның басынан бастап алаң иелері басымдық көрсетті. Бірақ, біз ойыншыларды арнайы тактикамен құрып, қарымта шабуылда гол соқтық. Соның арқасында үш ұпайды еншіледік.

Осылайша, “Қызыл-Жар СК” командасы бірінші лигадағы маусымның соңғы кездесуін сәтсіз өткізіп, 9-шы орынға тұрақтады.

 

Риат Шони.