Қоғам

Өзге ұлт өкілдері арасында облыстық тіл байқауы өтті

Нина Пасечникова – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы

– Өз басым мемлекеттік тілді насихаттау аясында өткізілетін бірде-бір байқауды назардан тыс қалдырған емеспін. Осы уақыт ішінде түрлі сайыстардың жеңімпазы атанып үлгердім. Жуырда “Тіл дарын – 2014” қалалық байқауының жеңімпазы атандым.

Үміткерлердің енді бірі – Тимирязев ауданынан келген Флора Алиева. Ол мемлекеттік тілді енді ғана меңгере бастаған екен.

Флора Алиева – байқауға қатысушы, Тимирязев ауданы

– Мен бұл конкурсқа 2 аптадай дайындалдым. Әрине, бұл сайысқа алғаш рет қатысып отырғандықтан, сахнада сәл қобалжыдым. Дегенмен, маған байқауға дайындалуға көмектескен қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне алғысымды білдіремін.

Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің кейбіреуінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі бүгінде жиі кездесіп қалады. Олар мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысып, көпке үлгі көрсетуде әрі ел үшін әр салада табысты еңбек етіп жүр.

Дина Әбілмәжінова – “Қоғамдық келісім” КММ басшысы

– Бүгінгі сайысқа аудандар мен қала мектептерінде жұмыс жасайтын мұғалімдер, тәрбиешілер мен студенттер қатысуда. Бүгінгі сайыс этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге өз ықпалын тигізеді.

17 үміткер бақтарын сынаған байқау 4 кезеңді қамтыды. Алғашында олар өздерін таныстырса, кейін қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқып, шығарма жазды. Байқау соңында жеңімпаз атанғандары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бакыт Садуакасов.