Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізге ҚР Білім және ғылым вице-министрі келді

Ольга Осипова- «Нұр бөбек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі

– Ата-аналардың қалауы бойынша балабақшада үйірмелер жұмыс жасауда. Хореография, риторика, логопед және ағылшын тілдері үйретіледі. Ол балаларды жан-жақты дамытуға септеседі. Бізде полилингвалды білім беру жүйесі енгізілген. Балғындар 2 жастан бастап, 3 тілді қатар меңгереді.

Елбасы өз жолдауында оқушылар сындарлы ойлау, өзiндiк iзденiс пен ақпаратты терең талдай алуы үшiн 3 тiлдi бiлуi керек деген болатын. Вице-минстр бұл бағытта оқу ордаларында жұмыстар жақсы жүргізіліп жатқандығын айтты. Кейін балаларды ерте бастан дамыту керектігін де жіті ескертті. Технологиялар дамыған заманда балғындар барлық гаджет тілін біледі. Сондықтан олардың қызығушылығын дұрыс бағытқа жұмсай білуі керек деді.

Есенғазы Иманғалиев- ҚР Білім және ғылым вице-министрі

– Балалар білімді ұстаздардан ғана алып қоймай, өздері де ізденгендері дұрыс. Анализ жасап, зерттеу жүргізе білуі қажет. Бұл халықаралық «Пиза» зерттеулерінің нәтижесі. Сондықтан ол жұмыстар 2015 жылы елімізде өткізіледі. Қазір ол жоба біздің балғындардың көп нәрсені білетіндігін, бірақ соны дұрыс қолдана алмайтындығын көрсетіп отыр.

Балабақша жұмысымен танысқан вице- министр мектепке дейiнгi тәрбие беру ошағының ұстанған бағытына оң бағасын бердi. Кейін меймандар жұмысшы кентінде орналасқан № 44-ші мектепке соқты. Мұнда министрлік өкілдері оқу ордасында биыл ғана ашылған көру мүмкіндігі нашар балаларға арналған түзету сыныбымен танысты. Мұнда қазір 8 бала білім алуда.

Сергей Карпук- №44 орта мектептің директоры

– Өткен жылдың қараша айынан осы сыныпты ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. 2 ұстаз арнайы даярлықтан өтіп келді. Енді олар тефлопедагогтар деп аталады. Мүмкіндігі шектеулі балғындармен жұмыс жасау үшін арнайы кешен алынды. Ол балалардың өзгелермен қатар оқып, білім алуына көмектеседі.

Бұдан өзге № 44 мектеп ұжымы меймандарға оқу ордасындағы 25 балаға шақталған шыған орталық пен медициналық кабинет жұмысын көрсетті. Кейін вице-министр білім шаңырағында жұмыс жасайтын ұстаздармен кездесті. Есенғазы Иманғалиев педагогтарға дуалды білім беру жүйесінің артықшылықтары жайлы баяндады. Сонымен қатар биылғы жылы ҰБТ жүйесі сол қалпында қалатындығын жеткізді. Яғни, сынақ тапсыру форматыне әзірге өзгеріс енгізілмейді.

Магжан Ахмадина.