Билік

Облыстық әкімдік «ҚазТрансОйл» компаниясы және «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС арасында үш жақты меморандум жасалды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– «ҚазТрансОйл» компаниясы өңірде ірі жобаларды жүзеге асыратын болады. Нақтырақ айтсақ біздің облысты басып өтетін транзиттік мұнай құбырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұл шаруаларға Петропавлдың зауыттары да белсенді қатысатын болады. Сондай-ақ «ҚасТрансОйл» компаниясы әлеуметтік сұрақтарға баса назар аударып отыр.

Қазақстанда шығарылған мұнайдың 60 пайыздан астамы бүгінгі күні осы компания арқылы тасымалданады. Қазтрансойлдың ел бойынша 7,5 мың шақырымнан астам мұнай газ құбыры бар. Бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысын басып өтетін 185 шақырымды құрайтын «Туймазы – Омбы – Новосібір» мұнай құбырын күрделі жөндеуден өткізбекші. Ол үшін 29 миллиард теңге инвестиция бөлінген.

Қайыргелді Қабылдин – «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры.

– Ресейдің мұнайы Қазақстанның мұнай өндеу зауыттарына «Туймазы – Омбы – Новосібір» құбыры арқылы тасымалданады. Ол одан әрі транзитпен Қытайға жөнелтіледі. Бүгінгі күні оның көлемі 7 миллион тонна. Қазір Ресеймен Қытай елдері оның көлемін 10 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты бұл магистрльдың 40 шақырымы биыл ауыстырылатын болады. Бұл үш елдің экономикасына тиімді.

Аталған жұмыстарға «Петропавл құбыр зауыты» серіктестігі де ат салысатын болады. Осыған байланысты жиын соңында облыстық әкімдік-«Қазстрансойл» және «Петропавл құбыр зауыты» арасында әріптестік жөніндегі меморандум жасалды.

Джакупов Самат.