Білім

Ұлағатты ұстаз

Күләш Рахметова – ҚР білім беру ісінің үздігі, “Ы.Алтынсарин” белгісінің иегері

– Негізінен энциклопедиялық білім болу керек дейтінмін. Өйткені, оқушыда энциклопедиялық білім болмаса ары қарай ол білімін тереңдете алмайды. Ал, ол үшін негізінен мен көркем әдебиетке көп көңіл бөлетінмін де. Әсіресе, Абайға. Сондықтан да әдебиетті оқытуда да, қазақ тілін оқытуда сатылай кешенді талдауда көп жасайтынмын да.

Күләш Рахметованың алғашқы шәкірті – өзінің інісі. Оның өзі 50-де. Серік Жетпісбаев апам талапшыл болды дейді.

Серік Жетпісбаев – Күләш Рахметованың ағасының баласы

– 81-ші жылы 9-10 класты бітірдім. Сонда класс жетекшім болды. Екі жыл оқытты. Енді ана-мына жеңілдіктер болды деп айта алмаймын. Ол кісі өзі қатал болды. Сонда класта бірінші маған тиетін бәрі. Бірінші менен сұрайтын.

Әсемгүл Қамыспаева да ұлағатты ұстаздан тәліп алып, кейін әріптесі болғанына қуаныштымын дейді.

Әсемгүл Қамыспаева – “Парасат” мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі

– Мен Күләш Жетпісбайқызынан 10-11 сыныптарда 1994-96 жылдары білім алдым. Мұғалімдік жолға түсуімнің бірден-бір себебі – осы Күләш Жетпісбайқызы болып отыр. Осы кісіге ұқсас болғым келіп, сол кісіге үлкен құрметпен қараймын.

Күләш Рахметованың 4 ұл, 2 қызы бар. Ағасынан анасыз қалған 3 жастағы сіңлісі мен жұбайының бірінші зайыбынын туған 4 баласын бауырына басқан. Өзінің қызымен қосқанда 6 балаға үлгілі тәрбие беріп, оқытты, үй қылды. Бүгінде 2 немере сүйіп отыр.

Күләш Рахметова – ҚР білім беру ісінің үздігі, “Ы.Алтынсарин” белгісінің иегері

– Екі келінді бірге ұстап отырған адаммын. Екі келінмен тұрамын. Кенжем де, үлкен келін де қазір менің қолымда. Мінекей, көріп отырсыздар, үй салып жатырмыз. 2-ші қабатқа үлкен балам мен келінім көшеді.

Өмірінің 42 жылын бала оқытуға арнаған Күләш Рахметова кейде мұғалімдікті сағынамын дейді. Кезінде ондаған оқу құралын әзірлеп, электронды оқулық жасаған. Бірнеше мақаласы беделді басылымдарда жарық көрген. Сәті түссе шетелге барып, тынығады. Жуырда ғана Түркиядан келіпті. Зейнетке шықса да білгенін-тоқығанын үйіне іздеп келген жас мамандармен бөлісіп отырады.

 

Данаш Хамзина.