Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қазақстан мен Ресейдің жас депутаттарымен кездесті

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Бүгінде біздің жас депутаттарымыз да саясатқа белсене қатысуда. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорттың дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Осы форумның арқасында жастар мол тәжірибе алып, еліміздің өркендеп өсуіне зор ықпал етеді.

Жиын барысында сөз алған Түмен облыстық Думасының депутаты Павел Белявский көршілес қос елдің Ұлы Отан соғысындағы тарихи жеңіске қосқан үлестері зор екенін еске салды. Сонымен қатар Мәскеуді қорғаған қазақстандық 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері де ерліктің асқан үлгісін көрсетті деді.

Павел Белявский – Түмен облыстық Думасының депутаты

– Ұлы Отан соғысындағы зұлматты заман бәріміздің есімізде. Сол жылдардағы ең қиын шайқастардың бірі Мәскеу түбінде болды. Вермахт фашистерін тоқтатуға Сібір дивизионы мен иық тіресіп панфиловшылар шайқасты. Олардың ерлігі барлығын рухтандырған болатын. Осындай ортақ тарихы бір екі мемлекеттің алдағы әріптестігі ары қарай нығая түспек.

Бүгінгі күні Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында екі мемлекет арасындағы әріптестік жоғары деңгейге шықты. Облысымыздағы екіжақты тауар айналымының 63 пайыздан астамы кедендес елдерге тиесілі. Өңіріміз бен шекаралас облыстардың өзара әріптестігі де жақсы жолға қойылған.

Сергей Руденко – Қорған қаласының басшысы

– Қазір Қорған мен Петропавл қалалары арасында әлеуметтік, мәдени салаларда тығыз байланыс орнаған. Екі қалада түрлі спорттық жарыстар өтіп, оған қос елдің өкілдері қатысады. Осы ара-қатынас енді одан әрі дамып, басқа салаларда да әріптестік орнаса деймін.

Петропавлда ұйымдастырылған 2-і жас депутаттардың шекаралық форумына Ресей Федерациясының 4 аймағы мен еліміздің 4 облысы қатысуға ниет танытқан.

Владимир Витченко – Қалалық мәслихаттың депутаты

– Бұл форумдағы басты мақсат – шекарадағы қалалар арасында түрлі өрістерді дамытып, өзара орнаған әріптестікті бекіту. Кездесуге жергілікті өзін-өзі басқару, қоғам мен кәсіпкерлікті дамыту тақырыптары арқау болды.

Кездесу соңында аймақ басшысы мен ресейлік меймандар кәдесыйлармен алмасты.

 

Риат Шони.