Ауыл шаруашылығы

Өңір шаруалары орақ науқанын аяқтауда

Серғазы Қарымсақов – “Гагарино” ЖШС жетекшісі, Аққайың ауданы

– Осы күзгі науқанға менде 6 комбайн жұмылдырылды. Оның ішінде 2 “акрос”, 1 “джон дир”, 1 “вектор” мен 2 “енисей” комбайндары. Оған қоса 2 “камаз” астық тасымалдайтын, МТЗ-80. Осы техникалардың арқасында орақ науқанын уақытында аяқтадық.

Сондай-ақ серіктестік мемлекеттен бөлінетін субсидияларды да уақытында алып тұрады. Бұл біз сияқты агроқұрылымдар үшін үлкен қолдау дейді олар.

Серғазы Қарымсақов – “Гагарино” ЖШС жетекшісі, Аққайың ауданы

– Үкімет бізге субсидиямен көмектесті. Көктемгі егіс жұмыстарына арзан жанар-жағармай берді 110 теңгеден, дәнді-дақылдарға 12 мың теңге берді гектарына, арпаға 1500 теңгеден.

Жалпы аталған агроқұрылымның күзгі орақ науқанын аяқтағанына 3 күндей болған. Енді олар көршілес шаруашылықтарға орақ науқанын шығынсыз аяқтауға көмек беруде. Бұл серіктестікте күзгі жиын-терім аяқталса, ал кейбірінде орақ әлі жүріп жатыр. Мысалға, мына егіс алқабында “Салют” серіктестігінің комбайндары ырыс дәнін бастыру үстінде. Жалпы аққайыңдықтар 163 мың гектар алқапқа дән сепсе, оның 118 мың гектары орылыпты.

Еркін Жақыпов – Аққайың ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы және шұғыл мәселелер жөніндегі орынбасары

– Гектар шығымдылығы орташа алғанда 16-17 центнерді құрайды. Бұйыртса, күзгі орақ науқанын 5-6 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жанар-жағармай барлық серіктестіктерде жеткілікті мөлшерде. Бүгінге дейін аудандағы 10 шаруашылық орақ науқанын толықтай аяқтады.

Қалай болғанда да, СҚО-ң шаруалары жаз бойы тер төккенін ескерсек, астықты далада қалдырмау үшін барынша амалдап жатыр. Осы уақытқа дейін 341 серіктестікте күзгі жиын-терім аяқталған.

Бакыт Садуакасов.