Бизнес және экономика

СҚО тауар өндірушілері Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты

Айгүл Арқабаева күннің суықтығына қарамай, бүгін жәрмеңкеге арнайы келген. Өйткені мұнда сапалы өнімдерді қолжетімді бағаға алуға болады дейді ол. Әсіресе, ет пен көкөніс өнімдерінің құны базардағыға қарағанда біршама арзан көрінеді.

Айгүл Арқабаева- Астана қаласының тұрғыны

– Жылқы етін, сиыр етін алдым. Картоп алдым. Қабы 1500 теңге. Тағы ұн өнімдерін алдық. Тағы алатын нәрселер көп. Жиі болып тұрса екен деймін. СҚО қызмет көрсету сапасы жақсы.

Өңіріміздің құнарлы топырағында шығырылған өнімдерге қаз-қатар тігілген сауда нүктелері лық толы. Онда негізінен ет, ұн, сүт, кондитерлік өнімдер мен бақша дақылдары сынды халық көп тұтынатын азықтар орын тепкен. Сөрелерге жайылған бұл тауар түрлерінің барлығы – теріскейлік ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілердің төл өнімдері. Өлкеміз бұл жолы азық-түліктің 100-н астам аталымын ұсынды.

Владимир Бубенко- СҚО әкімінің орынбасары

– Мұнда өңіріміздің 62 кәсіпорыны өз өнімін әкелген. 250 млн теңгеден астам қаржының өнімі ұсынылып отыр. Астаналықтар бізде шығарылған өнімдерді ылғи тосып отырады. Өйткені сапасы жақсы екендігін біледі.

Арқа төрінде қанат жайған ауылшаруашылық жәрмеңкесін Астана қаласы әкімдігінің өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары да байқады. Олар өңіріміздің еңбекқор шаруалары әкелген өнімнің сапасын қарап, бағаларын көрді. Теріскейліктермен мұнда Қызылорда облысының тауар өндірушілерді де болды.

Сансызбай Есілов- Астана қаласы мәслихатының депутаты

– Бүгін СҚО 60 тонна ет, ұн,макарон өнімдерін әкелген. Халық кезекте көптеп тізіліп тұр. Ал Қызылорда өзінің спецификасына сай күріш, балық өнімдерін әкелді. Жалпы мұндай жәрмеңкелер үлкен мереке сынды. Ол Астана мен өңірлерді байланыстырады.

Бас қаламызға жеткізілген ет өнімдерінің 1 келісінің құны мың теңгеден аспады. Сұраныс та жоғары болды. Астаналықтар мал өнімдерін пышақ үстінен әкетіп жатты. Сатушыларымыз тіпті қызмет көрсетуге үлгермей жатыр.

Аслан Тоқұшев- сатушы

– 2 бас жылқы, 10 бас қара мал етін әкелдік. Өнімдер жақсы өтіп жатыр. Халық көптеп алып жатыр.

Өңіріміздің құнарлы топырағында өскен көкеністерді де елордалық тұтынушылар қап-қаптап тасып жатты. Жер емген шаруалардың бақша дақылдары лезде тарап кетті. Сөрелерде жұмыртқа өнімдерін де көптеп кездестіруге болады. Жалпы солтүстікқазақстандықтар 56 мың дана құс өнімін апарса, соның тек 18 мыңы ғана Қызылжар ауданында орналасқан «Атай-СК» ЖШС тиесілі екен. Астаналықтар аталмыш кәсіпорында шығарылатын бұл өнім түрлерімен жақсы таныс. Серіктестік елордалықтарға минералдармен байытылған жұмыртқа әкелген.

Марат Мұқажанов- «Атай- СК» ЖШС өңірлік менеджері

– Ең алғаш рет Қазақстанда «кератинге» байытылған жұмыртқаларды шығардық. Ол адамдардың денсаулығына пайдалы. Сол Петропавл жұмыртқаларына код енгізіледі. Сол арқылы интернеттен өнімнің сапкасын көруге болады.

Бас қалада болып жатқан жәрмеңкеге Айыртау ауданының шаруалары да үлес қосуда.

Ағзам Тастеміров- Айыртау ауданының әкімі,СҚО

– Айыртау ауданы 17 бас қара мал, 3 жылқы,30 шақты қой әкелдік. Тағы картоп, пияз жеткізілді. Барлығы 5 млн-ға жуық болады. Ол шаруалар үшін де жақсы. Өз өнімдерін саудалайды. Халыққа да жақсы бағасы арзан.

Солтүстікқазақстандықтар жеткізген өнімдер мұндағы бағаларға қарағанда 20 пайызға кем саудаланды. Жәрмеңкеге бас сұққандар өнім құнының төмендігі мен сапасын ерекше айтуда. Шұрайлы өлкемізде шығарылатын өнім табиғи таза. Ағзаға пайдалы дәруменге толы. Бұған басты сыншы тұтынушылар шүбә келтірмейді.

– Бүгін ярмаркаға келіп мен май алдым. Өйткені Булаевский майды жанұям жақсы көреді.

– Солтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі болады дегенді естіп, әдейі келдік. Өйткені өнімдердің сапасы жақсы екендігін білеміз. Қарпайым тұрғындарға қалта көтерерлік.

-Ет алдым бір сан алдым. 950 теңге арзан. Енді Сергеевский май алуға бара жатырмын. Өте тәтті.

– Ұн алдық 1 сортты 70 теңгеге. Картоп, жұмыртқа алдық. Арзан. Бірінші рет келіп отырған жоқпын. Ылғи келеміз.

Әсем шаһарымыз Астана қаласының қақ ортасында орналасқан алаңда сауда шатырларымен қатар үлкен сахна да тігілді. Оның төрінен ән шырқап, би белеген теріскейлік өнерпаздар жиналған жұртшылықты өз өнерімен қуантты. Талай дарынды дүниеге әкелген қасиетті солтүстікақазқстан жері астаналықтарға жезтаңдай әнші, мыңбұралған бишілерге кенде емес екендігін дәлелдеді.

– Өңіріміздің ауылшаруашылығы тауарөндірушілерімен қатар жәрмеңкеде аймағымыздың қолөнер шеберлері де өз бұйымдарын саудалады. Солтүстікқазақстандық суретші- Вячеслав Смирнов мұнда өзінің бірнеше жұмысын әкелген. Солардың бірі жақында ғана салынған- «Тыныштық» атты картина. Облысымыз ақ қайыңдар өлкесі болғандықтан онда теріскейдің әсем табиғаты бейнеленген.

Мұнда өңіріміздің қолөнер шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Қылқалам шеберлерінің еңбектері мен көздің жауын алатын әшекей бұйымдары көпшілікті бейжай қалдырмады. 10 саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің ұлттық нақышта жасаған ағаш бұйымдары үлкен сұранысқа ие болды.

Болатбек Қалдыров- ағаш шебері, М.Жұмабаев ауданы, СҚО

– Қайыңмен ғана жұмыс істейміз. Астаулар, күбі және қымыз жинақтарын жасаймыз. Мынау астау технология бойынша 20 күн ішінде жасалады.

Ерке Есіл төрінде қанат жайған әсем елордамыз- Астана қаласындағы кезекті жәрмеңке осындай сән-салтанатымен өтті. Барлық еліміздің даму нышанына айналған бас қаламыз бүгіндері де келген меймандарын таң қалдырудан танбақ емес.
Магжан Ахмадина.