Мәдениет

Петропавлда “Гауһар-тас” бірінші республикалық фестивалі өтті

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары

– Құрметті өнер сүйер қауым, халқымызда бір жақсы сөз бар, өсер елдің ұлдары батыр дер, өсер елдің қыздары бірін-бірі асыл дер. Бүгінгі таңда, Қызылжар жерінде өтіп жатқан бірінші “Гауһар тас” атты фестивальге келген қонақтарға қош келдіңіздер деп айтып, облыс әкімі атынан қошемет көрестіп қойсақ.

Барлығы Сегіз сері атындағы «Гауһар тас» фестиваліне жиналған өнерпаздар сахна төрінде атақты серінің жүрек шерін тарқатқан әндері мен күмбірлеген күйлерін шырқап, жерлестерімізді бір марқайтты. Сөйтіп, 2 күн ішінде құлақтың құрышын қандырған 100-ге тарта туынды орындалды. Фестивальге жергілікті «Сегiз серi» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрi ерекше дайындықпен келген.

Қайырлы Ғафуров – «Сегiз серi» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң жетекшiсi

– Жалпы ұйымдастырылған фестивальдің мақсаты, шығармашылық қарым-қатынас жасау, әріптестермен, өнерпаздармен тәжірбие алмасып, өзімізге керекті дүниені көрсетіп, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттау болып табылады.

Ақмола өңірінің “Айнакөл” ансамблі де қазақ өнерінің інжу-маржан туындыларын алып келген. Бұдан бөлек, шараның талабы бойынша, әр ұжым Сегіз серінің бай мұрасынан бір әнді немесе күйді орындауы тиіс. Сөйтіп, көшетаулық әртістер ақынның “Гауһар тас” өлеңін паш етті.

Фестивальдің алғашқы күнінде Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары, ал кейін Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Атырау, Астана қаласының әртістері халықтың ықыласына бөленді. Сонау Қызылорда облысы Қазалы ауданының “Қорқыт сазы” ансамблі, теріскейге жеке туындыларымен келіп отыр. 19 жылдық шағын шежіресі бар ұжымының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, өзгелерінен де сабақ алғандарын айтады.

Әліш Сәукен – Қызылорда облысы “Қорқыт сазы” ансамблінің мүшесі

– Қызылжар қаласына келіп отырғанымызға, біз өте қуаныштымыз. Себебі, бұл киелі жерде Сегіз сері, Ғабит Мүсрепов, Сәбит Мұқанов, Ермек Серкебаев сияқты әйгілі ғұламалар өмірге келген еді. Сондықтанда, Петропавл қаласында болу, біз үшін мақтаныш.  

Бұл ансамбль солтүстікқазақстандық көрермендерге Сегіз сері мен күйші Мырзаның туындыларын тарту етті.

Қоғам қайраткері, ақын-драматург Баянғали Әлімжанов та фестивальге ерекше дайындықпен келгенін айтады. Ол Сегіз серінің шығармашылығына құрмет ретінде “Аңыз бен аспан” туындысын ұсынды.

Баянғали Әлімжанов – ҚР қоғам қайраткері, ақын-драматург

– Сегі сері біздің халқымыздың аңызына айналған адам. Оны халқымыз аңыздық тұлғаға айналдырған. Ол, сонай тарихи оқиғалардың ортасында жүріп, үлкен өнер тудырып, жан-жақты жетілген адамның көрінісі.

Фестивальге қатысушыларының еш бірі сыйлықсыз қалмады. Оларға дипломдар мен құнды сыйлықтар табыс етілді. Ал, мерекелі шараның соңында барлық әртістер сахна төрінде Сегіз серінің әйгілі “Гауһар тасын” орындады.

Сөйтіп, қазақ халқының төл мәдениетін паш ектен қазақ ұлттық аспаптар ансамбльдері өзара шеберлік алмасып, өнерден сусап жүрген талай теріскейлікті таңдай қақтырды.

–  Келген қатысушыларға, өнерпаздарға рахмет. Халық бүгін көп жиналып, жақсы демалдық.

 

– Өте тамаша, жақсы болды. Рахмет.

Сагыныш Маркашева.