Қоғам

“Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020” бағдарламасы бойынша қаржының тиімді жұмсалуы бақылауда

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы

– Жыл басынан 176 мүмкіндігі шектеулі жан мемлекет қолдауын сезінді. Оның 76-сы уақытша жұмысқа орналастырылса, 14-і қайта даярлау курсынан өтіп, тұрақты жұмысқа алынды. Жастар тәжірибесі бойынша 10 жарымжан түрлі мекемелерге машықтану тәжірибесінен өтуде. 14 мүгедек бастапқы кәсіпкерліктің оқуынан өтіп, 10-ы шағын несие алып өз ісін ашты.

Биыл екі қолға бір күрек таба алмай жүрген тұрғындарды қайта даярлау курстарына жіберіп, машықтану тәжірибесінен өткізу үшін жалпы сомасы 4,7 млрд.тг жұмсалды.
Қаражаттың дені ел қазынасынан. Десе де осындай қомақты ақша бөлінгенімен оның барлығы тиімді игерілмей жатыр. Бұл “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы мен прокурорлардың тексерісі барысында анықталды.

Нұрлан Сапаров, СҚО прокуратура 1-ші басқармасының аға прокуроры

– Биыл 2-тоқсанда қалалық жұмыспен қамту орталығын тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, “Құрғақ пенобетон қоспа зауыты” ЖШС-нің басшылығы орталықпен келісіп, кәсіпорынға жаңа жұмыс күшін аламыз деп бағдарламаның 1-бағыты бойынша ел қазынасынан 704 200 тг субсиядия алған. Алайда ол жұмысшылар бұрындары серіктестікте жұмыс істеп жүрген болып шықты.

Осыған ұқсаса олқылықтар Айыртау, Есіл, Жамбыл, Аққайың аудандарындағы жұмыспен қамту орталықтарынан табылған. Сол үшін “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы 11 мемлекеттік мекеменің жұмысын қатаң бақылауға алды. Тексеріс қорытындысы бойынша 8 тұлға тәртіптік жауапқа тартылып, 3 іс қаржы полициясына тапсырылды. Кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Берик Касен.