Құқық қорғау органдары

Елімізде жүргізушілерге арналған жаңа заң күшіне енді

Виктор Романюк, жүргізуші

– Кейбір жол-патрульдік инспекторлар жол жиегінде тұрған көлік иелеріне еш негізсіз айыппұл салып жатады. Мұны мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деп есептеймін. Енді жол ережесі туралы жаңа заң күшіне енді. Онда әр өңірлерде көлік тұрақтары салынып, жол белгілері орнатылсын делінген. Міне, қалада алдымен сол көлік тұрақтары көптеп салынсын, содан кейін барып ережеге бағынбағандарға әкімшілік жаза қолданылсын.

Елімізде жүргізушілерге арналған заң күшіне енгелі ІІО-ның басшылығы жергілікті билік өкілдерімен келісе отырып қала мен аудандардағы кейбір көшелерді кеңейтіп,
қажет деген жерлерге көлік тұрақтарын салу жағын қарастырып жатыр. Көлік тұрағы өңірдегі машина санына шақталып салынбақ. Келер жылы бұрынғыларын есептемегенде облысымызда 30 -дан астам жаңа көлік тұрағы салынуы мүмкін.

Вадим Яценко, СҚО ІІД ӘПБ басшысының орынбасары

– Қазір әзірше, кейбір көлік тұрақтарында арнайы белгі жоқ, сондықтан біз көлік иелеріне айыппұл салмаймыз. Тек ереже бұзғандарға ауызша ескерту жасап, түсіндіру жұсмыстарын жүргізе бастаймыз. Келер жылдың басынан бастап жол ережесін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қатаң санкциялар қолданылады.

Бұрындары жол ережесін бұзған мопед, квадроцикл иелеріне ешқандай шара қолданылмай келген. Енді олар өзге көлік иелеріне теңестіріліп, жүргізуші куәлігін алуға міндеттеліп отыр.

Вадим Яценко, СҚО ІІД ӘПБ басшысының орынбасары

– Мотоцикл, трицикл, квадроцикл және мопедті 16 жастан бастап басқаруға болады. Ол үшін азамат нарколог пен психиатрлардан анықтама алып, арнайы теориялық оқуын оқып, машықтану тәжірибесінен өтуі тиіс. Сонда ғана ол аталған көлік түрлерін басқару құқығына ие болады.

Сондай-ақ, қазанның 20 -сы ел қазынасын толықтыру мақсатында азаматтарға әдемі нөмірлер сатыла бастады. Осыған дейін 3 солтүстікқазақстандық жалпы сомасы 1 млн. теңгенің көлік таңбасын сатып алған.

Берик Касен.