Билік

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкрелерінің кәсіби мерекесі

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Қоғамның тұрақтылығымен азаматтардың әлауқаттарының әлеуметтік қорғалуы сіздердің жоғары біліктіліктеріңіз бен күнделікті қызметтеріңізбен байланысты. Қызметтеріңіз күрделі де қиын. Бірақ халыққа сондай қажетті.

Кәсіби төл мерекелерінде облысымыздың әлеуметтік қорғау жүйесінде аянбай қызмет етіп жүрген жандардың ұзақ жылғы еңбегі еленді. Мұндай ілтипатқа бөленгендердің қатары аз болған жоқ. 35 әлеуметтік қызметкер облыс әкімінің қолынан тиесілі наградасын алды. Әлеуметтік қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін өңір жетекшісінің құрмет грамотасына 9 әлеуметтік қызметкер лайық деп табылды. Тағы осыншасы алғыс хатқа ие болды. Мұндай марапатты алғандардың қатарында Жұмабай Данияров та бар. Ол Мамлют ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді. Оның аталған салада еңбек етіп жатқанына 10 жылдың жүзі болыпты.

Данияр Жұмабаев, Мамлют ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі

– Елімізде млндаған адамдардың өмір сапасы, ертеңгі күнге деген сенімділігі, әлеуметтік көңіл-күйі – әлеуметтік қызметкерлердің кәсіптілігімен құзыретіне жеке қасиеттеріне байланысты. Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып отырмын. Мен үшін қуанышты әрі қобалжулы.

Бұл күні облысымызда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қарсаңында өткізілген байқаудың жеңімпаздары да құрметке бөленді. Осы салада еңбек етіп жүрген 4 қызметкер “Үздік орта медициналық персонал маманы”, “Үздік тәрбиеші”, “Үздік әлеуметтік қызметкер”, “Үздік психолог” аталымдары бойынша диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласындағы мінсіз еңбегі, сондай-ақ, елдің әлеуметтік саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін “Еңбек ардагері” медалі 4 солтүстікқазақстандыққа бұйырды. Осындай ілтипатқа лайық деп табылғандардың тізімінде Еркебұлан Қосубаев та болды.

Еркебұлан Қосубаев, Тимирязев ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

 

– Біздің бөлімше көп көмек көрсетеді. Мүгедектерге, зейнеткерлерге жәрдем береміз. Мен 96 жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Бүгінгі жеңісім тек менікі ғана емес, әріптестерімнің де жеңісі деп ойлаймын.

“Әлеуметтік еңбек саласының үздігі” төс белгілері де өз иелерін тапты. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігінің құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен 7 қызметкер марапатталды.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Ахметова Бану.