МТРА жаңалықтары

Жолаушылардың қала ішіндегі шағын автобустардың жүру кестесіне көңілдері толмайды

– Көбіне 9-шы маршрутпен қатынаймын. Онда кісі көп мінеді. Іші тар, сондықтан барлығы сығылысып, арасында кішкентай балалар жылап жатады. Әсіресе таңертең, кешке жолаушыларға қиын болып тұр. Енді осы бағыттар бойынша қосымша автобустар жіберсе деген ұсынысым бар.

–  26-шы мен 9-маршруткалар нашар жүреді. Кейде кестеден кешігіп жатады. Оған қоса кісі көп болғанда балалар жаншылып қалады. Әсіресе таңертең жүргіншілер автобустарға сыймай қалады. Кейде 26 мен 9-маршрут жүргізушілерінің адамды тоспай, есікті жауып кетіп қалатын кездері болады.

– 2-ші автобусты 15 минуттан артық уақыт тосып қаламыз. Оған қоса қоғамдық көлік 20 минутсыз 9-да қозғалысын тоқтатып, кезекші көліктер Бензастрой кентіне жүрмейді. Артынан такси жалдап жетуге мәжбүрміз.

Осы толассыз шағымдар бойынша біз “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымынан түсініктеме алдық. Галина Семенова бұл ыңғайсыздықтың бірнеше себебін алға тартты.

Галина Семенова, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы.

-Біз 9-шы, 26-шы және 2-ші, 21-ші бағыт бойынша қатынайтын шағын автобустар кестеден кешігіп жатқанын жасырмаймыз. Қазір олқылықты жоюға тырысудамыз. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысын сынға алып, оларға ескерту жасадық.

Оған қоса қазір шағын автобустардың біразы жазғы жанар-жағармаймен жүреді. Ол кешке салқын түскенде қатып қалатын көрінеді. Бұдан бөлек тағы бірнеше қоғамдық көлік бағыттарға шығарылмай келеді.

Галина Семенова, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы.

-Қауымдастық жақында жолаушыларды тасымалдауға құқық беретін байқауға қатысуға дайындалып жатыр. Соған байланысты резервтегі көліктерді қала көшелеріне шығармай, оларды көрмеге дайындаудамыз. Яғни, іші-сыртын әсемдеп жатырмыз.

Бүгінде Петропавлда жолаушыларды тасмалдауымен 9 компания айналысады.
Олар 40 автобус бағыты бойынша рейске күнделікті 300 көлік шығады.

 

 

Берик Касен.