Қоғам

Облыстық прокуратурада заңдылықты қамтамасыз ету сұрақтары жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Еркеш Оспанов – СҚО прокуратурасы тергеу және анықтау басқармасының прокуроры.

-Облыста телефон арқылы алдаудың көбейгені байқалады. Алаяқтар жақындары басқа жерде тұратын адамдарға, әсіресе, зейнеткерлерге қоңырау шалып, туысын полиция ұстап алды. Оны шығару үшін сонша көлемде ақша қажет деп жалған айтады. Сондай-ақ, интернеттен белгілі бір қымбат көліктің қосалқы бөлшектерін ұсынып, ақшаны ғаламтор арқылы салуды сұрау жиі кездеседі. Нәтижесінде, ақша да, сайман да жоқ.

Сол себепті, прокурорлар сенгіш азаматтарға барынша абай болуды ескертеді. Өйткені, сөз жүзінде келісіп, адамның сеніміне кірген қулар алатынын алып болған соң бірден іздерін суытады.

Еркеш Оспанов – СҚО прокуратурасы тергеу және анықтау басқармасының прокуроры.

-Ағымдағы жылы осындай бір фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Азаматтар өздерінің таныстарына қаланың ішінде жер учаскесін сатып алу үшін жолыққан. Алайда, аталған тұлғалар ақшасын алғаннан кейін қашып кеткен болатын. Қазіргі уақытта құрылыстың өркендеуіне байланысты мұндай жайттар жиі орын алуда.

Алаяқтықпен күрес мәселесін қызу талқылаған қоғамдық кеңес мүшелері ең алдымен қылмыстардың алдын алу, халық арасында түсіндіру шараларына баса көңіл бөлу қажет дейді.

Галина Ипатова – СҚО прокуратурасы жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету сұрақтары жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, заңгер.

-Алдын алу шараларын жиі өткізу қажет. Құқық қорғау органдары тиісті жоспарларды әзірлеп, оларды жергілікті атқару органдарымен, коммуналдық қызметтермен, қоғамдық бірлестік өкілдерімен келісілсе атқарылып жатқан жұмыстар одан да нәтижелі болар еді.

Отырыс соңында алаяқтық фактілерінің өршіп тұрғаны жайлы бұқараны ескерту, қылмыстық істерді тергеудің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.

 

 

Данаш Хамзина.