Мәдениет

Бейнелеу өнері мұражайында мерейтойлық көрме ашылды

Көрмені тамашалауға келгендердің арасында болашақ суретшілер де жүр. Дарья Чужанова өнер колледжінің бірінші курсында оқиды. Оған қылқалам шеберінің әлі сиясы кебе қоймаған мына картинасы ерекше әсер қалдырған.

Дарья Чужанова.

-Бұл көрме маған ұнады. Картиналарда туған жердің табиғаты барынша әсем бейнеленген. Маған мына “Пир на калине” атты суреті ұнады. Өзім де Василий Манзя сияқты белгілі қылқалам шебері болсам деп армандаймын.

Көрмеде ілінген картиналардан автордың табиғатқа ғашық екенін байқауға болады. Ол қоршаған ортаның тылсым мінезін айнытпай қағаз бетіне түсіруге ерекше құмартады. Суреттерінде жылдың барлық 4 мегзілі көрініс тапқан. Мәселен мына картина 1962 жылы салыныпты. Мұнда ағаш пен жердің бетін ақ ұлпа жапқан. 80-ді алқымдаған Василий Манзяның саналы ғұмырында қол жеткізген жетістіктері аз емес. “Халықтық ағарту ісінің үздігі” атанған ол “Қызыл ту” ордені мен түрлі медальдармен де марапатталған. Тағы айта кететін жайт, солтүстікқазақстандық суретшілердің ішінде тек Василий Петрович қана Дүниежүзілік халықтар өнерінің халықаралық қауымдастығына мүшелікке кіріпті.

Василий Манзя, суретші.

-Бұл менің алғашқы және соңғы көрмем емес. Тек шығармашылық жолдағы тағы бір аялдамам. Яғни, 80 жасқа толсам да қолым сурет салудан жалықпағанын көрсеткім келді. Мақсатым – халыққа табиғаттың бейнесін өзгеше қырынан көрсету. Яғни, суретші тілімен сипаттау.

Көрмеге Василий Манзяның ағаштан жасалған мүсіндері мен өзі жазған кітаптары да қойылыпты. Жалпы шарада өнер иесінің 100-ден астам туындысы жұртшылықтың назарына ұсынылды.

 

 

Бану Ахметова.