Білім

Солтүстікқазақстандық Әлімжан Мәжитов білім беру саласында 52 жыл қызмет еткен

Амангелді Ғазезов, қалалық ардагерлер ұйымы төрайымының орынбасары.

-Алдымен Алла тағала сізге күш-қуат, денсаулық берсін. Бала-шаға, немерелеріңіз аман болсын. 100 жасаңыз.

Әлімжан Мәжитов саналы ғұмырының 52 жылын білім беру саласына арнап, халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған жан. Еңбек жолын математика пәнінің мұғалімінен бастаған ол Бостандық, Қызылағаш ауылдарында мектеп директоры, кейін 17 жыл педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында әдіскер болып еңбек етті. Қазір де зейнетке шыққанымен кейінгі ұрпақты тәрбиелеу ісінде педагогтарымен етене жұмыс жасауын жалғастырып жүр.

Әлімжан Мәжитов, Халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері, тыл еңбеккері.

-Жалпы Бостандық орта мектебінде оқыған балалардың барлығы бүгінде үлкен азамат болды. Айталық, оның бірі ҚР еңбегі сіңген халық әртісі Кәкен Смағұлов. Сосын менің балам Мәжитов Марат та сол мектепте оқыған. Ол қазір генерал. Кенже балам да майор. Қызым Астанада. Ол 20 жылдай темір жол саласында архитектор, бас есепші болды. Қазір зейнеткер. Бір немерем ҰҚК-де қызмет етеді.

Мерейтой иесінің шаңырағында бүгін 2 бірдей қуаныш. Биыл отағасының зайыбы Сәпия Мәжитовамен шаңырақ көтергеніне тура 60 жыл толып отыр. Бүгінде 5 баласынан 8 немере, 9 шөбере көріп, олардың тәрбиесіне де өз үлестерін қосуда. Ақ жаулықты ана бала тәрбиесімен айналысып, қызмет етумен қатар, жолдасына әркез қолдау көрсетіп жүргенін айтады.

Сәпия Мәжитова, Әлімжан Мәжитовтың зайыбы.

-Мен 5 балам бар екен деп үйде отырған жоқпын, есепші болып қызмет еттім. Жұбайымыз екеуіміз еңбектің арқасында балаларымызды аяқтан тұрғызып, оқыттық, жетілдірдік. Кейде бұл жетістік осы кісінің арқасында ма деп ойлаймын.

Әлімжан Мәжитов құрметті демалыста жүрсе де, өңір педагогтарымен бірлесіп, қазақтың салт-дәстүрлері атты авторлық бағдарламасын жазып шығарған. Бүгінде ол еңбегі оқу бағдарламасына енгізіліп, тәрбие сағаттары түрінде кейінгі толқын өкілдерін тәрбиелеуде іске жаратылуда.

Күлжан Тукенова, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектептің директоры.

-Қазақтың салт-дәстүріне, бала тәрбиелеу ісінде халықтық педагогикаға көп көңіл аударады. Қазақтың дәстүріне жанашырлықпен қарайтын жан. 2012 жылы осы тақырыпқа қатысты өзінің авторлық бағдарламасын жасап шығарған. Қазір ол білім беру жүйесіне енгізілді.

“Жаңажол ауылының шежіресі”, “Халық даналығы”, “Білгенге маржан”. Атамыз осы 3 кітапты зейнетке шыққанда жазыпты. Әлімжан Мәжитов алда 4-ші кітабын жарыққа шғармақшы. Бірақ оған әзірге қаражат жағы қолбайлау болып отыр дейді.

 

 

 

Берик Касен.