Спорт

“Қызыл-Жар СК” футбол клубы өз алаңында елордалықтарға есе жіберіп алды

Қос құрамада жеңістен дәмеленген бұл кездесу тартысты ойынға ұласу керек. Сол себепті де ерте келген қысқа қарамастан екі құраманың жанкүйерлері көптеп жиналды. Төрешінің ысқырығы шалынысымен астаналық футболшылар жиі шабуылдап, ойын тізгінін өз қолдарында ұстап тұрды. Бірнеше өткір шабуылдар Владимир Никлевич қорғаған қақпасының маңынан табылды.

Алайда Серік Досманбетов бастаған қорғаушы жігіттер нәтижелі шабуылдарға жеткізген жоқ. Елордалықтардың мұндай прессингтеріне жерлестеріміз жасқанған жоқ. «Қызыл-Жар СК» командасының футболшылары да қарымта шабуылдармен жауап қайтарып отырды. Бірақ қонақтардың да қорғаушылары осалдық таныта қойған жоқ. Қос команда кезегімен бір бірінің қақпаларына гол сала алмай әлек болды. Алайда алаңға тез бейімделген астаналықтар он бесінші минутта Роман Кисметовтың арқасында алға шықты.

Алаң иелері есепті теңістіруге тырысып бақса да, шабуылдары нәтижесіз болды. Алғашқы қырық бес минуттықтың соңына қарай қос команданың ойыншылары шабуылдаудан шаршап, ойын орталыққа ауысты. Осы қарқында бірінші тайм 0-1 есебімен өз мәресіне жетті.

Екінші тайм басталысымен қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бапкердің берген кеңестерімен тактикалық шабуылдар жасап, соққылар да бағыттады. Алайда Никлевичтің қақпасынан саңылау табылған жоқ.

Жерлес аяқдоп шеберлері қарымта шабуылдарымен нәтижеге қол жеткізуге тырысса да оларынан түк шықпады. Ал елордалықтардың шабуылы керісінше екінші рет нәтиже алып келді. Бұл жолы Роман Кисметов тағы да мергендік таныта білді.

Бұл қиын кездесуде қалай да болса қарсыластарының қақпасына гол соғу керек деген «Қызылжар СК» командасының бапкері ойыншыларды да алмастырды. Ойынға тыңнан қосылған Олександр Згура жетпісінші минутта Линчевскийдің кеңесін сауатты пайдаланып есеп айырымын қысқарта білді. Алайда қуаныш көпке созылған жоқ. Жетпіс бесінші минутта елордалықтар орындаған бұрыштама добында, тағы да сол Роман Кисметов керек жерден табыла біліп, хет триктің авторы атанды.

Осылайша кездесу де өз мәресіне жетті. Өкінішке орай жергілікті команда тағы да өз алаңында жеңіліс тапты. Қорытынды есеп 1-3 «Астана-1964» пайдасына.

Роман Кисметов – «Астана-1964» ФК жартылай қорғаушысы.

-Бүгінгі ойын бізге оңайға соқпады. Әр кездесуде қарсыластар өздерінің мықтылықтарын көрсетуде. Десе де, осы жолы біз қарсылас қақпаға 3 допты дарыта алдық.

 

«Қарасай» стадионындағы келесі ойын қарашаның сегізі күні өтеді. Онда жергілікті «Қызыл-Жар СК» командасы алматылық «ЦСКАны» қабылдайды.

Риат Шони.