Билік

Жергілікті бюджеттің атқарылуын қадағалайтын арнайы көшпелі жұмыс тобы құрылды

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

– Жергілікті бюджеттің атқарылмауы, бұл жалақының өскендігіне байланысты болып отыр. Яғни аудандық комиссия бұл кезде қаражаттың тиісті деңгейде атқарылуына бейжай қараған деп айта аламын. Бастысы – талап жоқ. Сондықтан ешқандай алға жылжушылық байқалмайды.

Жалпы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында жиынға қатысушыларды аудан әкімі Мұратбек Әбішев құлағдар етті. Ол өз сөзінде жұртшылықты жылдық жоспар желтоқсан айының соңына дейін тиісті деңгейде орындалады деп сендірді. Яғни, салық төлеушілер мен жер учаскелерін сатып алған азаматтар жыл соңына дейін мемлекетке қарыздарын қайтармақ. Оның үстіне иесіз қалған жер телімдері жергілікті бюджетке қосымша табыс әкеледі дейді аудан басшысы.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі.

– Уақытылы жүргізілген іс-шаралардың арқасында жергілікті қазынаға 35 миллион теңге көлемінде кіріс түсті. Әрине, алда әлі бірқатар мәселелер тұр. Сондықтан, олар уақытылы шешіледі деп айта аламын.

Республикалық трансферттен бөлінген қаржыны да есілдіктер уақытылы кәдеге жаратпаған. Аудан басшысының енді оны қайта сұратып тиісті мақсатқа игермек ойы бар. Айдарбек Сапаров оның бұл жоспарын қолдаған жоқ. Себебі, үш тоқсан бойы атқарылмаған жұмыстың алдағы екі ай ішінде шешіле қалуы екіталай. Оның үстіне бұл уақыт аралығында бюджеттің кіріс және шығыс бөлігі өзгеретін болады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары

– Сендер аз уақыттың ішінде бюджетке 239 миллион теңгені қалай қайтармақсыңдар? Бұл мүмкін емес. Аталған мәселе аудан көлемінде неге уақытылы қарастырылмаған? Осыған байланысты қанша жиын өткіздіңіздер? Нәтиже қайда?

Аудан әкімі жалақы қорына сенім артуда. Бірақ, қазір есілдіктердің бір айлық табысы шамамен 77 мың теңгені құрайды. Бұл облыстық орташа көрсеткіштен төмен. Мұнымен қоса осындағы бірқатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері салықты тиісті деңгейде төлемей отыр.

Әлібек Ашуов – СҚО бойынша салық департаменті басшысының орынбасары.

– 9 айдың қорытындысы бойынша бюджет орындалмады. Осыған байланысты қыркүйек айындағы 16 миллион теңгенің жоспары төртінші тоқсанға ауыстырылды. Жыл басынан аудандық бюджетке сегіз мәрте өзгертулер енгізілген. Жер учаскелерін сатып алуға байланысты 20 миллион және он бір жарым миллион теңге болатын әлеуметтік салық төленбеген. Есіл ауданында бұдан да басқа проблемалар бар.

Бюджеттің орындалмауына қатысты тағы бір мәселе – кейбір серіктестіктер осы ауданда жұмыс істеп, жерін пайдаланып отырса да өзге облыстарда тіркелген. Комиссия мүшелері олардың басшыларына кәсіпорындарын біздің өңірде рәсімдеулерін ұсынды.
Сонымен қатар, Есіл ауданында бірде-бір жұмысшы ресми түрде тіркелмеген шаруашылықтар да бар. Кейбіріндегі орташа жалақы, тіпті, 30 мың теңгені құрайды. Бұлардың қатарына «Петровка – Агро» ЖШС жатқызуға болады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

– Сіз өзініз жалақы алып тұрасыз. Қарамағыңыздағы жұмысшылардың отбасылары, балалары бар. Олар сіздің жарнашыларыңыз болып табылады. Сондықтан, жалақы мәселесінде ешқандай проблема болмауы тиіс. Оның үстіне айлық еңбекақы уақытылы төленіп тұруы қажет.

Қазіргі таңда аудандағы ірі қара саны 23 мыңнан асады. Биыл есілдіктер екі жарым мың мал басын сатып алу керек еді. Дегенмен, оның небәрі 774-і ғана әкелінген. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірі де жүзеге аспай отыр.

Серікбай Тұралинов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

– Облыстағы агроқұрылым басшылары кем дегенде үш мыңнан астам ірі қара ұстайды. “Зенченко и К” КС-нде бұл көрсеткіш екі есе. Ал сіздердің аудандарыңызда орташа есеппен алғанда бір шаруашылыққа 30 қара малдан тиесілі. Қарапайым халықтың қорасында мал саны бұдан бірнешеге артық.

Жиында Есіл ауданының өкілдері мал сатып үшін өтініш тапсырып қойдық деп ақталды. Жалпы биыл осы аудан 77 тонна етті экспортқа шығару керек еді. Алайда, оның тек 7 тоннасын сыртқы нарыққа шығарған. Жұмыстарына салғырттықпен қараған аудан әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына сөгіс жарияланды.
Жиынды қорытындылаған Айдарбек Сапаров аудан басшысына жағдайды тез арада түзеуді міндеттеді.

Джакупов Самат.