Қоғам

Петропавлда мүгедектерді оңалту бағдарламасы сәтті жүзеге асуда

Родион Ребро, I топтағы мүгедек

– Болашақта денсаулығымды оңалтып, жоғары оқу орнына немесе колледжге түскім келеді. Болашақта дәрігер атанып, анама көмектессем деймін.

Өкінішке қарай, Родионның анасы да I топтағы мүгедек. Ол ауыр дертке шалдықса да, қиналғанын баласына білдіртпеуге тырысады. Гүлшат Мухаметшина көзіне жаса алып, мүгедек адамдарға мемлекет көрсетіп отырған қамқорлықтың мол екендігін жеткізді. Қажетті ем-дом мен қымбат дәрі-дәрмекке артық шығындалмайтын болдық дейді. Оған қоса жаз айында баласына арналған мүгедектер арбасын алыпты.

Гүлшат Мухаметшина, I топтағы мүгедек

– Бұрындары мен жарымжан балаларға мүгедектер арбасы тегін берілетінін білмеппін. Әкесі екеуіміз тапқан-таянғанымызды жиып, 30 мың теңгеге өзіміз сатып алатынбыз. Мына арбаны ұлыма шілде айында берді. Осымен оны массажға, гемодиализ жасатуға алып барамын. Қозғалыс құралы ыңғайлы.

Жарымжандар далалық кресло-арбаларды 4 жылға, ал бөлмелік мүгедектер арбасын 7 жылға дейін пайдалана алады. Осыдан кейін олар тозығы жеткен қозғалыс құралын жаңасына тегін ауыстыруға толық құқылы. Жалпы биыл 9 айдың ішінде тірек-қимыл жүйесі зақымданған 102 петропавлдық осы сынды кресло, мүгедектер арбасына ие болған.

Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары

– Жыл басынан бері біздің бөлімге 9800-ден астам жарымжаннан өтініш келіп түсті. Олардың қажетіліктерін біз толығымен қанағаттандырдық. Облыс қазынасынан көру қабілеті нашар 122 адамға тифлоқұрылғылар, 182-сіне сурдотехникалық аппаратар тегін берілді. Бұдан бөлек 145 солтүстікқазақстандық еліміздің шипажайларында денсаулықтарын оңалтып қайтты.

Оңалту жабдықтары медициналық тексеріс негізінде мүгедектігі расталған жандарға тегін таратылады. Әр құрылғының жарамдылық және пайдалану мерзімі сан алуан. Мамандар аппараттардың сапасы жоғары, соған сәйкес бағасы да қомақты дейді.

Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары

– Қазан айының 1-іне дейін 400-ден астам жарымжан қала тұрғынына протезді-ортопедиялық көмек көрсетілді. Оларға салынған протездер жаңа технологиямен әзірленген. Тиісінше, құны да жоғары. Мысалы, кейбір протездердің бағасы 200 мың теңгеден асып жығылады. Оның барлығы Петропавлдағы протездік-ортопедиялық зауытта жасалады.

Есту, көру, тірек-қимыл жүйесі зақымданған жандарды оңалту жабдықтарына қажетті қаражат облыс қазынадан бөлінуде.

Берик Касен.