Ауыл шаруашылығы

Облыстағы элеваторлар астықты күні-түні қабылдауда

Дәл қазіргі уақытта облыс аграрийлерінің астықты орып-жинауына ауа райы қолбайлау болып отыр. Дегенмен, егіс даласында қауырт шаруа жауын-шашынға байланысты сәл кідірсе де астық қабылдау орындарындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Бүгінде өңір агроқұрылымдары алтын дәнді Петропавлда таяуда ғана іске қосылған жаңа “ТНС-Экспорт” элеваторына күні-түні жеткізуде.

Дәурен Сетбосынов – “ТНС-Экспорт” ЖШС директоры

– Бұл жаңа элеватор бірегей инновациялық технологиялармен жарақтандырылған еліміздегі бірден-бір теңдессіз астық қабылдау кәсіпорны. Ол өзгесіне қарағанда энергияны 3-4 есе азырақ тұтынады. Элеватордың жалпы сыйымдылығы 120 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге дейін 25 мың тонна ырыс дәнін қабылдап үлгердік.

Элеваторға әкелінген бидай ең алдымен, міне, мына жерде тексеріледі. Астық толы әрбір жүк көлігінен алынған сынаманың сапасын заманауи зерттеу қондырғылары анықтайды.

Жамал Қонқабаева – “ТНС-Экспорт” ЖШС зертхана меңгерушісі

– Бізге түсіп жатқан астықтың сапасы орташа деңгейде. Биылғы өнінің ылғалдылығы 24-30 пайыз аралығында. Сондықтан да бидайды бірнеше рет кептіруден өткізуге тура келеді.

Кейін астық тиелген көліктер жүкті төгу үшін элеватор маңайындағы арнайы орынға бет алады. Серіктестік қызметкерлері әр жарты сағат сайын келетін Камаздарды көп күттірмей, тез қабылдайды. Сол себепті, мұндағы кезекті байқамайсың. Кәсіпорында барлық жүйе толығымен автоматтандырылған. Астық толы әрбір машинаның қозғалысын оператор-маман бақылап, реттеп отырады. Мұндағы кептіргіштің де қауқары зор. Ол 1 сағаттың ішінде бидайдың 50 тоннасын құрғатып береді. Ал, одан тазарып шыққан дәнді жұмысшылар астық сақтайтын осындағы 24 қамбаның біреуіне жөнелтеді. Оның әрқайсысының сыйымдылығы – 5 мың тонна. Жаңадан іске қосылған кәсіпорында қазіргі уақытта 80 адам тұрақты жұмыс істеуде. Олардың әрбіреуінің жалақысы 80 мың теңгенің маңайында. Жалпы бүгінде облыс аумағында 50-ден астам элеватор бар. Барлығының сыйымдылығын қосқанда 3,5 миллион тоннаны құрайды.

 

Бакыт Садуакасов.