МТРА жаңалықтары

Теріскейде «Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

Оралқан Қаржау – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы.

– Қызылжар ауданының халқы аудандық жұмыспен қамату орталығына келіп, болашақта қандай мамандық иесі болғысы келетінін, қандай салада қызмет көрсеткісі келетінін білгісі келсе, біз қолдан келгенше өз көмегімізді көрсетеміз. Мұнда психологтар бар. Олар өз кеңестерін сіздерге айта алады.

Жалпы Қызылжар ауданы бойынша аталған жоба арқылы 250 азаматты жұмысқа тарту көзделген. Қазір баламасы жоқ жобаға қатыссам деген адамдардың қатары күн санап артып келеді дейді, – мамандар.

Ирина Якимова – «Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасының СҚО бойынша жетекшісі.

– Азаматтар компьютерде кәсіптік бағдарлау тестін онлайн жүйесінде тапсырады. Бұл автоматтандырылған бағдарлама 20 минуттың ішінде адамның қандай мамандыққа бейім екенін анықтайды. Мұнан кейін арнайы дайындықтан өткен психологтарымыз сол адамдармен жеке жұмыс жасайды. Бастысы бұл қызметтің барлығы тегін көрсетіледі. Жоба желтоқсан айына дейін жалғасатын болады.

Оксана Лахтина екі баланың анасы. Мамандығы-сылақшы. Жұмыссыз жүргеніне 1 жылдан астам уақыт болған. Кәсіптік бағдарлау пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастағанын естіген азаматша, Соколовка ауылынан аудан орталығына әдейі келіпті.

Оксана Лахтина – Қызылжар ауданының тұрғыны.

– Өз мамандығым бойынша жұмыс табылады деген сенімдемін. Себебі қазір құрылыс саласы облыста жақсы дамып келеді. Бағдарлама шеңберінде барлық кезеңдерден өттім. Енді алдағы уақытта нәтижесі жақсы болады деген ойдамын.

Қолға алынған қанатқақты жоба сәтті жүзеге асса, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2716 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Айтулы бағдарлама облысымыздың барлық аудандарында жүзеге асырылып жатыр.

Джакупов Самат.